Фото: ҚР ТСМ
Алматыдағы Halyk Arena мұз айдынында 1–4 қазан аралығында мәнерлеп сырғанаудан Denis Ten Memorial Challenge халықаралық турнирі өтіп жатыр. Бұл – биыл алтыншы рет ұйымдастырылып отырған дода. Жарысты Қазақстан мәнерлеп сырғанау одағы мен Денис Тен қоры бірлесіп өткізуде, деп хабарлайды Ult.kz.
Турнирдің ашылу рәсіміне ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов қатысты. Ол өз сөзінде Олимпиада жүлдегері Денис Теннің мұрасын дәріптеу және жас спортшыларға қолдау көрсету маңызын атап өтті.
Биылғы жарысқа 18 елден спортшылар келді. Олардың қатарында Қазақстан, Канада, Қытай, Италия, Оңтүстік Корея, АҚШ, Испания және өзге елдердің үздік мәнерлеп сырғанаушылары бар. Қазақстан намысын 24 спортшы қорғайды. Арасында Михаил Шайдоров, София Фарафонова, Амира Ирматова, Вероника Коваленко, Бойсангур Датиев, Вероника Ким, Сабина Ботина, Диас Жиренбаев және Анна Санникова бар.
Фото: ҚР ТСМ
Турнирді атақты спорт қайраткерлері де тамашалауда. Арасында әйгілі жаттықтырушылар Этери Тутберидзе, Татьяна Тарасова және Ресей мәнерлеп сырғанау федерациясының бас хатшысы Александр Коган бар.
Көрермендерді жасөспірімдер мен ересектер арасындағы қысқа және еркін бағдарламалар, мұздағы ырғақты және еркін билер, сондай-ақ марапаттау рәсімдері мен әсерлі гала-концерт күтеді.
Denis Ten Memorial Challenge – 2019 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан турнир. Ол 2014 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері, қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің құрметіне арналған. 2021 жылдан бастап турнир ISU Challenger Series күнтізбесіне енгізілген.
