09 жел, 2025 сағат 11:51

«Денесін мәйітханаға жібермеуге көндірді»: Шымкентте жүкті әйелдің туыстары баланың жатырда шетінеп кеткеніне дәрігерлерді кінәлап отыр

 

Фото: roddom.rklinik.kz

 

Шымкент тұрғыны Назерке Пірімбетова №2 қалалық ауруханада босануға тиіс болған. Бірақ ауруханада бір ай жатқан әйелдің сәбиі жатырында шетінеп кетті. Баласынан айырылған ана қайғылы жағдай дер кезінде кесар тілігін жасамағаннан болып отыр дейді, деп хабарлайды Ult.kz Аlmaty.tv арнасына сілтеме жасап.


Туыстары медицина қызметкерлерін немқұрайлылық танытты деп айыптап, істі мұқият тергеуді сұрап отыр.

 

“Оны 5–6 рет тексерді, КТ үнемі нашар нәтиже көрсететін. Түнде де мазасыз болатын. Мұның бәрін біз дәрігерлерге айттық, бірақ олар мүлде қарамады. Соның салдарынан, міне, мен баламнан айырылдым”, – дейді зардап шеккен әйелдің күйеуі Абай Бердібек.

 

Сәби шетінеп кеткен соң дәрігерлер нақты түсінікті жауап бере алмаған. Керісінше, “бала толық дамымаған” деп ақталуға тырысқан. Бұдан бөлек, медицина қызметкерлері жәбірленушіден журналистермен сөйлеспеуін сұрап, тіпті палатадан шығармай қойған.

 

“Мен палатаға кіргенде, онда бас дәрігердің міндетін атқарушы, акушерлер, медбикелер және тіпті тергеуші жиналыпты. Олар қарындасыма сәбиді мәйітханаға бермеуге көндіріп жатқан. Өйткені онда нәрестенің денесін союға жібереді деп сендіруге тырысқан. Меніңше, олар мәйітке сараптама жасатпай, істі жылы жауып қоймақ болды”, – дейді жәбірленушінің ағасы Асанәлі Пірімбетов.

 

Қазір бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция медицина қызметкерлерінің әрекеттерін тексеріп жатыр. Сәбидің денесі, плацента және кіндік бауы сараптамаға жіберілді. Ол баланың нақты неден шетінеп кеткенін анықтауға тиіс. Сонымен қатар қалалық Денсаулық сақтау басқармасы кесар тілігін жасау жоспарланғанын мәлімдеді.

 

“Ұрықтың өкпесін дайындау үшін кесар тілігін осы аптада жасау керек еді. Алайда плацентаның өзінде және оның тамырларында проблемалар болды. Соның салдарынан плацента мен оның тамырларындағы мәселелерден кейін ұрықты қоректендіру мен оттегімен қамтамасыз ету нашарлап, ағза өзінің тепе-теңдігін сақтай алмай, декомпенсация болған. Осылайша, 3-інен 4 желтоқсанға қараған түні ұрықтың антенаталдық өлімі тіркелді”, – деді Денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Инна Глазебная.

 

Ауруханада болған қайғылы жағдайдан кейін бақылау күшейтілді. Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті оқиғаның барлық дерегін анықтау үшін тексеру жүргізіп жатыр.