08 қар, 2023 сағат 13:15

"Дайындықсыз келеді". Жаңбыршин Үкімет мүшелерін сынады

видео кадры

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Еділ Жаңбыршин Мәжілістің жалпы отырысында дайындықсыз келетін Үкімет мүшелерін сынады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Біздің министрлер мен олардың орынбасарлары дайындықсыз келеді. Біреуі баяндама жасап, жауапты оқып отыр. Екіншісі жалпылама әңгіме айтады. Бұл бірнеше рет қайталанып отыр. Депутаттар нақты сұрақ қояды. Нақты жауап жоқ. Қайта-қайта біз нақтылап отырамыз. Олай болмауы керек қой», - деді Жаңбыршин.

Кейін депутат бизнесті қолдаймыз деп көптеген нәрсені бүлдіріп алғанымызды айтты.

«Екібастұздағы, МАЭК-тегі жағдай, «Қаратұрымдағы» апат, Қарағандыда кешегі шахтада болған апат. Бұл – бүкіл өндірістегі проблема. Біз олардың барлығын қорғап, бизнесті дамытамыз деп оларды прокуратура органдары арқылы тексеруді реттеп қойдық. Қазір бірде-бірі, экологиялық қауіпсіздік болсын, өндірістік қауіпсіздік болсын кіре алмайды, олардың қолы байланған. Заңмен байлап қойып отырмыз. Оның арты адам өліміне, техниканың жаңаланбауына әкеліп отыр. Міне, осы мәселеге қатысты салалық министрліктер барлығына ревизия жасап, заңдарды қарап, дұрыс шешімдер қабылдай ма? Ары қарай осылай жалғаса берсе, апат болып, тағы адам өліміне әкеледі. Осы бойынша не істеп жатырсыздар? Мұны халық сұрап отыр», - деді депутат Ұлттық экономика министріне қарата.

Өз кезегінде Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров сұраққа жауап беру барысында  бизнеске қойылатын талапты жеңілдетіп жатқанын айтты.

«Оны кәсіпкерлер көтеріп жатыр. Сондықтан жүктемелер желісін азайттық. Бірақ біздегі мемлекеттік органдардың тиісті құқығы бар. Ол жедел ден қою щаралары арқылы жүзеге асырылады. Олар салалық заңнамасына көрсетілген. Оған электр энергетикасы, АЭС, өсімдіктерді қорғау саласы жатады. Осы нысандарды прокуратурада тіркеуі болмаса, тікелей осы нысандарға барып тексере алады», - деді Қуантыров.