Бүгін Ақтөбеде құйынды дауыл құрылыс крандарын құлатып, салдарынан үш пәтердің балкондары қирады. Қазіргі уақытта құрылыс компаниясы шығынды есептеп, құлаған кранды бөлшектеп жатыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Ақтөбедегі дауыл басы-аяғы 5 минутқа созылғанымен Батыс-2 ауданындағы тұрғын үйдің бірнеше пәтерінің балконын қиратып кетті. Табиғаттың тосын мінезінен зардап шеккендердің бірі - тоғыз қабатты үйдің сегізінші қабатында тұратын Амангелді Жолдыбаев. Пәтер иелері үрейлерін әлі баса алмай отыр, пәтерге түскі 12:30-дан кейін ешкім кірмеген.
«Үйде екі бала болды. Екеуі де мектеп оқушысы. Олар дауыл кезінде терезелерді жауып, бөлме ішінде отырған. Өте қорқынышты. Бұл жерде құрылыс ережелері сақталмаған. Кран ескі, темірі шіріп тұр. Негізінен кран жерге мықты бекітілуі керек. Бұған дейін де кран жел соққан сайын шайқалып, қауіп төндіріп тұрды. Бүгінгі қатты дауылға шыдас бермеді. Кранның неше метр екенін білмейіз. Құрылыс компаниясынан паспортын сұрап қойдым. Олардың ешқайсысы шықпай қалды. Қазір тек жұмысшылары кранды дәнекерлеп жатыр»,- деді Амангелді Жолдыбаев.
Бұл отбасы үш бөлмелі пәтерді несиеге рәсімдеген. Ай сайын 100 мың теңге көлемінде ипотека төлейді.
«Мен ондаған жыл бойы кран айдаған адаммын. Кран шіріп тұрған. Сондықтан арыз түсіріп, қазір өлшем жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бейнетаспаға түсіріп, суреттерді сақтап қойдық. Сотқа шағымданамыз. Себебі, кран құлаған кезде 7 метрлік балконның бетоны қираған. Ол қираған кезде үйдің қабырғаларында жарық пайда болды», - деді тұрғын Амангелді Жолдыбаев.
Ал бірінші қабатта тұратын Әсия Жұмашева үш минутта үйінің терезесі қирап, аула сыртында тұрған көлігіне арматура кіріп кеткенін айтты.
«Қатты дауыл тұрған кезде жоғарыдағы балкон құлап, бетонның бір бөлігі терезені сындырып кетті. Екі салқындатқышым істен шықты. Көлігімізді темір тесіп кетіп, әйнегі шытынады. Құрылыс компаниясының адамдары келіп, әйнекті өлшеп кетті. Біз шығынды толық өтеуді талап етеміз», - дейді ол.
Айта кетейік, дауыл кезінде Қобыланды батыр атындағы орталық стадионның шатыры бүлінді, 6 көлік зақымданды.
«Үйлердің ауласында тұрған 6 көлік зақымданды. Қобыланды батыр атындағы орталық стадион трибунасының шатыры ішінара ұшып кетті. Аумағы - 34 шаршы метр. Шатыр ұшып, стадион жанындағы әйнектен жасалған жазғы демалыс орнын сындырып кетті. Зардап шеккендер мен ауруханаға түскендер жоқ», - деді Ақтөбе облыстық ТЖД баспасөз қызметкері Динара Атраубаева.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ақтөбедегі қатты дауыл кезінде бірнеше үйдің шатыры ұшып, 9 қабатты үйдің балкондары қираған болатын.
«Пәтері зақымданған адамдар бірігіп, заңгер жалдадық. Олар сотта біздің құқығымызды қорғайды. Төтенше жағдайлар қызметі келіп, тексеріп кетті. Балконға шығуға тыйым салды. Мен дауыл кезінде балконда жүріп, киім іліп жаттым. Сол кезде қатты жел соғып, қорыққанымнан бір орында тұрып, басымды ұстап, айқайладым. Кейін есімді жиып, балаларды сыртқа алып шықтым. Мен тұрған балкон құлаған жоқ, ал 8, 7, 6-ыншы қабаттардың балконы опырылып құлады»,- деді бесінші қабаттағы пәтер иесі Жанар Асанов.