"Жерді жалға беру туралы мораторийді созу - халықтың жеңісі. Бұл туралы бүгін Жер мәселелері жөніндегі комиссияның отырысында Дәурен Бабамұратов мәлім етті", - деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі.
«Қалыптасқан жағдайда ең ұтымды шешім осы болса керек. Сондықтан бұл – халықтың жеңісі, елдің жеңісі. Бұрын көтеріліп жүрген басты мәселелер осы еді. Үш айдың ішінде біз екі тараптың да көзқарасын тыңдадық», - деп атап өтті Дәурен Бабамұратов.
Сонымен қатар, Д.Бабамұратов комиссия жұмысы аяқталғаннан соң, халық арасында талқыланып, ой елегінен өткен негізгі шешімдердің орындалуын қадағалайтын арнайы комиссия құруды ұсынды.
«Ал енді, осы үшін айдың ішінде комиссияда тәуір ұсыныстар айтылды. Ол ұсыныстардың тағдыры не болады? Осы ұсыныстардың ұтымды болуын, дұрыс жүйеге асуын, ары қарай дұрыс өңделуін, жөнделуін кім қадағалайды, кім бақылайды? Біздің осындай мінберден тағы сөйлеуге мүмкіндігіміз бола ма? Осы сұрақтар мен үшін өте маңызды. Енді, сөзсіз мараторий жариялағаннан кейін комиссия жұмысының тоқтайтыны айдан анық. Ол дұрыс та шығар. Бірақ та бақылайтын жұмыс, осы комиссияның шешімдерін бақылайтын, іске асыратын, қарап отыратын қосымша бір органның немесе тағы бір комиссияның құрамы қажет екені сөзсіз. Мен мараторийді қолдаймын», - деді Д.Бабамұратов.
Ұлт порталы