10 жел, 2020 сағат 15:41

Дәурен Абаев: Биылғы әл-Фараби мен Абай мерейтойы рәміздік мейрам саналады

Ұлттық тарихшылар конгресінің VIII отырысында ҚР Президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаевтың құттықтау хаты оқылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Биыл ұлтымыздың ақыл-ойы мен абыройына айналған біртуар тұлғаларымыздың мерейтойын және мемлекеттілік бастауының айрықша кезеңін жоғары деңгейде атап өттік. Біз үшін Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абайдың 175 жылдық мерейтойлары және «Ұлық Ұлыс» – Алтын Орданың 750 жылдығы рәміздік мейрам саналады» делінген ҚР Президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаевтың құттықтау хатында. 

Сондай-ақ, ол тарихымыз бен әдебиетімізге тың көзқараспен қарау және оны ұрпаққа жеткізу - басты міндетіміздің бірі екенін айтты.

«Бұл ретте Қазақстан Ұлттық тарихшылар конгресінің бүгінгі шарасы тарихи жылдың тағылымын жаңаша бағалауға үлес қосары анық. Сіздердің тарих ғылымының жаңашыл әдістемесі туралы пікірлеріңіз қоғамдық сананы қалыптастырып, тұлғатану саласындағы ғылыми зерттеулердің тиімділігін арттыру үшін аса маңызды. Конгресс ұсынатын ұстанымдар мен тұжырымдар тың зерттеулерге мұрындық болып, халқымыздың рухани мұрасын толықтыруға ықпал етері сөзсіз. Конгреске қатысушыларға жемісті еңбек тілеймін», - дейді ол.