26 шіл, 2016 сағат 14:56

Дәуітәлінің ерген дәуірі туады әлі

 

Бойдағы азды-көпті қасиетпен,
Өзге емес – осы кеуде, осы бетпен,
Жандай-ақ сезінемін өзімді-өзім –
Қайықпен көк мұхитты кешіп өткен.

Д.Стамбекұлы.

Ден қойған әдебиетші маман Дәуітәлі жырынан ежелгі поэзия алыптары өткен неоклассицизм мен бертінгі модернизм мәнерін де, сыншыл реализм мен элегизм элементтерін де табар еді. Әйтеуір, Пушкин, Лермонтовтан бастап Абай мен Қасым, Тұманбай мен Қадырды қадір тұтып оқып, өз қолтаңбасын айшықтаған ақын өлеңінен негізгі идеялық-көркемдік ағымдардың бәрін ұшыратасыз. Ізденіс жолында небір батыл эксперименттерге де едәуір барған шайыр символизм мен романтизм кеңістігіне де құлаш ұрады. Сөйтеді де, тереңнен терген маржандай жарқыратып, үнемі жаңашылдық үлгісін көрсетуге ұмтылады. Дәуітәлінің ақындық таным үдерісі де айрықша. Бір қарағанда, сонша қарапайым көрінетін ақын поэзиясының тұңғиық түкпірінен лықси бұлқынатын ерекше қуатты сезінер едіңіз. Тура өз табиғаты секілді буырқана атойлайтын ересен адуындықты аңдар едіңіз. Мұндайда әйгілі Герценнің: «Аяқ-қолыңдағы кісенге қарамастан еңсені тік ұстау үшін ерен өрлік қажет» деген сөзі еріксіз еске түседі. Дәуітәлі Стамбекұлы да аса асқақ болмағанымен, өте қайсар мінезді жан еді. Және тоталитарлық замана кезеңінде оның да қанатын кең жайдырмай, нәзік жанын жаралаған жәйттердің кездесіп баққаны анық.

Алайда, Дәукең жеке шығармашылық лабораториясы құпиясын көп аша бермеген. Жазу барысындағы жан толқынысын әйеліне де, баласына да, әріптес достарына жариялай қоймайды. Жариялағанмен де, оның мәнін дәл өзіндей ешкім ұғына ала ма. Ақынның тылсым әлемі деген де осы. Ал оның нұрлы жүрек сыры, ел мен жер тағдырына қатысты философиялық ой-тұжырымдары қызықтырса, жақұт жыр астарына үңіліңіз. Әрине, талай жылдар бойы бірге жүріп, бірге тұрғаннан кейін, қосағының көңіл күйі құбылысына жан жары араласпай тағы тұра алмайды.

– Көп жағдайды қазір ғана қатты сезініп жүрмін. Толғанатын сәттерін көрсетпеуге тырысқанымен, шабыты келген мезгілде ештеңеге қарамайтын еді, – дейді ақынның зайыбы Фарида Закарина. – Бөлмесіне кіріп кетеді де, жазып шығады. Немесе даладан екпіндете кіріп, жұмыс үстеліне қарай ұмтылатын кездері бар. Ондайда аяқ киімін де, плашын да шешпейді. «Ау, не болды?! Не көрінді?!» десең, «Кішкене тұра тұр, тұра тұр!» деп ымдайды. Біразырақтан соң шығып, ух деп дамылдап, рахаттанып отырғанын көресің. «Не болды сонша аптығып?» деп сұрайсың ғой тағы. – «Не болушы еді! Көлденеңдеп, ойыма келген шумақты ұмыттырып жібере жаздадың жаңа!». – «Енді, қызықсың ба, тым құрыса төплиіңді шешпейсің бе?!». – «Ой, аяқ шешкенше қайда! Еден былғанса сүртіп ала саласың. Ал сөзімнен айрылсам қаншама қайғырмаймын ба!»…

Сөйте-сөйте шығармашылық адамның отбасы оның әдет-ғұрпына әбден бейімделеді. Шабыт буған сәтін аңдап, аяқ ұшымен жүруге дағдыланады. Бас сұғатын көрші-қолаң мен келген мейманды да соған үйретеді. Өйткені, ол өлеңмен өмір сүрген.

– Көпіртіп көп жазуға да құмартпағанымен, кейде түн ортасына дейін отырады. Одан, тұрғызып алып өлең оқиды. Бастапқыда түсінбейтінмін. Тіпті, жаспын ғой онда. Жиырма екідемін. Онша ұқпасам да, ұйқылы-ояу иә, иә деп бас шұлғи беремін. «Қалай екен?». – «Иә, жақсы екен!». Сөйтем де ұйықтап қаламын. Таңертеңіне шәй ішіп отырғанда: «Түндегі өлеңім шын ұнады ма?» деп сұрайды. Мен күмілжіп, ұмытыңқырап қалғанымды айтамын. Жатып кеп ашуланады. Мүлде тыңдамапсың деп ренжиді. Сосын қайта оқиды. – «Иә, өлеңің шынымен де керемет екен!». Расында да солай болады.

Дәуітәлі сыңарын өлеңді жай тыңдап қоймай, көзқарасын білдіріп, өзара бүкпесіз пікір алысуға баулиды. Өсти-өсти КазПИ-дің биология-химия факультетін түгескен әйелін әжептәуір әдебиет сыншысы қылып шығарса керек. Бұған орыс мектебін бітіріп, әлем классиктері еңбектерімен біршама ерте танысқандығы да септігін тигізеді. Келе-келе сөз өнеріне ыңғайланып, сол өзі тәмәмдаған жоғары оқу орнының фиололгия факультетін сырттай аяқтайды. Орыс мектебіне Қазақ тілі мен Әдебиеті пәндерінің мұғалімі болып орналасып, мамандық алмастырады. Кейін Дәукең өзінің кей өлеңін батыл сынайтын зайбына аңтарыла қарап:

– Өй, сенің тіліңді сындырып адам қылам ба деп жүріп, басыма бәле тілеп алған жоқпын ба, осы! – деп күлетін көрінеді.

Иә, Дәуітәлі ақын ұтқыр әзілге де шебер еді. Жеңгемізге тұңғыш ұлындай еркелейтін сәттерін де талай көрдік. Ондайда да көбіне ұйқаспен сөйлейді. Мысалы, ақша сұрағысы келгенінде:

– Фарида! Қайда сенің кәшөлегің?!
Кәшөлегің болмаса аш өлемін! –
дейді дауыстап.

– Ақындар бала мінезді деп жатады ғой. Шынында да, солай еді. Әлдене тез бола қоймаса тыз етіп ашуланады да, лезде басыла қалады. Бір нәрсесі табыла қалмаса өкпелеп отыра кетеді. «Не болды?». – «Мен әлгіні таба алмай отырмын. Сен маған көмектеспейсің!». Жүгіріп барып тауып бересің. – «Е, міне! Осыны таппай қор болдым ғой!». Одан соң қайсыбіреудің әлденені жаңсақ, қате айтқанын естісе керемет ашуланатын. Тура аспан айналып жерге түсетіндей күйінеді. – «Не болды сонша! Кішкене қателескен шығар енді». – «Жоқ, дұрыс емес онысы!». Өмірде бір грамм өтірік болмау керек ол үшін. Өлеңде де. Мен ғұмыр бойы Дәуітәлінің адалдығына бас иген адаммын. Бір күні кешігіп келді. Жалақы алған екен. Қалтасын сыртынан қағып-қағып қояды. Сосын: «Әй, Фарида, осы, елдің еркектері әйелдерінен ақша тығып қалады екен. Мен де сенен азырақ тиын-тебен алып қалғым келіп еді. Бірақ соны қай қалтама салғанымды білмей шатысып тұрмын» деді. – «Ойбой, бейшара-ай, соны да жасыра алмадың ғой менен!». – «Енді қайтейін, өтірік айта алмаймын. Сұраған кезде беріп тұрасың ба? Сен жақсысың ғой, а?!» дейді.

Жан сарайы сәбидей таза азамат өмір бойы арамдықпен, надандықпен арпалысқан. Мещандыққа бой алдырмаған оны дүниеге жақын кейбіреудің ақымақ санағандай болуы да мүмкін. Ол ешқашан құлқынға құл болмаған. Дәукеңнің аса ықпалды адамдармен жақсы қатынаста жүргенін білетін ек. Бірақ адамгершілік ар-намысы мен ақындық абыройына қылау түсірмеген бекзат жан ешкімнен ештеңе сұрамаған. Қолынан келгенше, маңайына қарайласуға тырысқан.

– Қайырымдылық жасағысы келіп тұратын. Біреудің қиналғанын көрсе дереу қолғабыс тигізгенше асығады. «Қазақфильм» ықшам ауданында тұрған кезімізде неше қилы адамдармен кездесті. Әлдекімнің үстіндегі костюмі, бәтеңкесі ескі болса үйдегі артық киімін соған апарып беретін. «Әй, өзіңе керек емес пе?». – «Жоқ, мен табам ғой. Ана байғұстың табанынан сыз өтіп жүрген сияқты» дейді.

Дүрмекке, дақпыртқа да құмартпаған Дәукең ешкімнен мақтау да дәметпеген. Әділетсіздікке, зұлымдыққа төзбей, нағыз ақындық тағдыр кешкен оның әрбір жыры замандастарын мейлінше биік мұраттарға, әсемдікке үндегені анық. Және не жасаса да шырқау шегіне жеткізіп, өте жоғары деңгейде атқаратын еді. Үлкен ақын Дәуітәлінің жақсы әнші, шебер суретші екенін де көпшілік біле қоймауы мүмкін.

– Алғаш танысқан кездерден кейін менің кескінімді жарты ватманға салып әкеліпті. Қайран қалдым. Айнымайды. Ақ қағаздан шыға келердей болып, мөлдіреп тұр. Домбырасын күмбірлетіп, Ақан сері, Біржан сал, Мәди әндерін шырқатқанда да жан тербететін еді.

Дегенмен, өмір күнде мейрам емес, оның өзі де жырлағанындай, шын шайырдың «мінезінде дауыл бар, боран бар, от бар, жауын бар», – асау ақынның аласапыран жан әлеміндегі сұрапыл толқындардың екпініне шыдамаған кездер де кездескен секілді. Фәкең сондай шақтардың бірінде ажырасуға шақ қалған кезеңнің де болғанын жасырмайды.

– Бір күні балаларды алдым да, төркініме – Қарағандының түбіндегі Нұраға кеттім де қалдым. Тіпті, енді Алматыға қайтпаймын деп, бара сала мектепке жұмысқа да орналасып алған едім. Сол барғанда үйде бір жылға таяу бөгелдім-ау. Осы уақыт аралығында Дәукең соңымнан іздеп үш мәрте келді. Қанша кешірім сұраса да, теріс қарап, илікпей қойдым. Тек үшінші жолы келгенінде, әкем Базыл деген кісі мені оңаша шақырып алып: «Балам, ер-азаматыңның меселін қайтара берме. Қателік кімде жоқ. Сүйіп қосылған – өздерің. Қандай жағдайда да бір-біріңе кешірімді болғандарың жөн» деді.

Әрбір пенде баласы сияқты Дәуітәлі де өз басынан талай қуанышты да, қайғыны да өткереді. Жүрегін тілім-тілім қылған қасыретінің үлкені – кіші баласы Русланнан айрылған сәті шығар. Ол бірінші сыныпты бітірген жазда Балқаштағы атасының үйінде каникулда жүріп суға кеткен еді. Дәукең өзінің аузынан түсіп қалғандай сол кішкене ұлының қазасына қанша қайғырса да, сыр бермеуге тырысты. Тек мұң-зарын «Мәңгілік класс», «Көл жағалай жүгіреді бір бала» деген өлеңдеріне төгіп, өз-өзін жұбатты. Әсіресе, анасының қолынан шығып кетіп, көлге сүңгіген баласының қайта шықпай қалғанын баяндай келіп:

– Кейде көлден әріден қаптап бұлт,
Найзағайын атады шақпақ қылып.
Осы кезде
Толқынның ортасында
Менің балам жүреді
Сақ-сақ күліп, –

деп аяқтайтын жырын көңіл қамықтырмай оқу қиын.

Арада бірталай жылдар өткенде елу жастан аса беріп Дәукеңнің өзі де кетті. Соның алдында жары Фаридаға: «Түсіме марқұм шешем кіріп жүр. Кел деп шақырады. Барайын деп ем, әкем қоя тұр, кейін барасың деп жібергісі келмеді» деп сыр ағытады.

– Қой, жәй, Құран дәметіп жүрге шығар деп, шелпек пісіріп, дұға бағыштадық та қойдық. Әйткенмен, көңілге күдік кіріп, қобалжи бастағаным рас. Ал өзі тақалған қатерді қатты сезді. Бір күні: «Фарида, мен өліп қалсам басыма жазатын өлең іздеме, жазып қойдым» деді. – «Онда балалар білсін, менің де басыма арнап бір өлең жаз!» деп әзілдеген болдым. – «Сен олай деме. Менің артымда қалуың керек емес пе» деді. Әлгі өлеңінде:

– Алдың ақын, төріңді,
Кештің қилы өмірді.
Жерің сені көтерді,
Жылыт енді жеріңді.
Осы күннің келерін
Ерте сезген сен едің.
Жүрегінде еліңнің
Қалды мәңгі өлеңің.
Жат, ұйықта, ақыным,
Туған жерде ақырын.
Жаңа туып келеді
Сенің жұлдыз ғасырың! –

депті. Расында да, көктасына осының бір шумағын алып жазғыздым…

Бүгінде арагідік Дәуітәлі шын бағасын ала алмады деген пікірлер де айтылмай қалмайды. Мұның да шындығы жоқ емес шығар. Тек өз басым күндердің күнінде, өзі айтқанындай, жұлдыз ғасыры туып, Дәуітәлінің де елінің арасына алып ескерткіш болып оралатынына кәміл сенемін.

Құлтөлеу Мұқаш, жазушы

«Ұлт порталы»