01 мам, 2020 сағат 15:52

"Дарыны жанартаудай жарқылдаған жас жігітті 10 жылға соттау – әділетсіздік!.."

ӘЛІБИ! Айналайын, Әліби балам, басыңа ауыр іс түсіп жатқан кезде өз айналамда сенің тағдырыңа бейтарап қараған адам көрмедім. Менің айналам деп отырғаным – еліміздің өнер кеңістігіне, театр әлеміне, шығармашылық білім беру саласына  қатысы бар ұстаздар, сахна мен кино шеберлері. Аға буын, орта буын, кіші буын – Ақтөбеде сотталып жатқан қаршадай өзіңді ойлап қамығуда. Кеше таңда Сен түсіме кірдің. Еркіндікке шыққан сәтіңе арналған алты Алаш бас қосқан мереке болып жатыр екен. Ораза айы басталған алғашқы күннен-ақ дұғамдасың, тілегімдесің. Түсімді жақсылыққа жорыдым.

Шынын айтқанда, сенің туған-туысқандарыңды былай қойғанда, талантың мен өнеріңе, адами болмысыңа тәнті ұстаздарың қатты қапаланып отырмыз. Сенің театр сахналарында, университет залдарында өткен спектаклдердегі сомдаған бейнелеріңді көріп тәнті болдық. Қоңыр дауысыңмен жас Шәмшіні көз алдымызға әкелдің. Өмірге іңкәр, жан-жағына шуағын шашқан мейірімді шәкірт ретінде көптеген қоғамдық-мәдени іс-шараның бел ортасында жүрдің. 

Елге қызмет етудің қандай екенін жастық жалынға толы дарыныңмен ЭКСПО халықаралық көрмесіндегі мәдени жобаларға белсене қатысып, көрсете білдің. «Қазақтың Қызжібегі» атанған Меруерт Өтекешованың рухани баласына, өнердегі ұлына айналдың. 2019 жылдың маусым айының аяғында Атыраудағы Махамбет атындағы театрдың сахнасында Сенің сомдаған бейнең - көрерменге қол соқтырып, таңдай қақтырды. Өнер сапары аяқталып, бәріміз ұшақпен Нұр-Сұлтан қаласына оралдық. Сабаққа деген алғырлығыңды былай қойғанда, топ старостасы ретінде Сенің бірге оқитын достарыңа деген мейірім мен жанашырлық сезіміңе, ұйымдастырушылық қабілетіңе сессия кездерінде, үлкен шаралар кезінде талай куә болдық. 

Өмірі енді басталған, қылмысы толығымен дәлелденбеген дарыны жанартаудай жарқылдаған жас жігітті 10 жылға соттау – әділетсіздік! Әлібидің бар кінәсі – жастығы шығар, театр әлеміндегі темірдей тәртіпті 1-2 оқушыдан талап еткендігі. Әрине, Сенің орныңда тәжірибесі бар басқа біреу болғанда, сол балаларды «дискотекаға» жіберіп, шаршап билегенше салқынқандылық танытып, самарқау тұра берер еді. Ал, Сен – сол кішкентай балаларды тәртіпке шақырғың келді, тәрбиелегің келді. Қазіргі қоғамдағы шыбық тимей шыңқ етер кейбір «балалардың» клиптік ойлау санасында ата-анасына айтып кек алу, өш алу үрдісі белең алып бара жатыр. Жуырда ғана Белорусь Президенті Г.Лукашенко – мектепте сыртынан жасырын видеоға түсіріп, балаларға дауыс көтеріп, олардың мазағына, ата-аналарымен қоғамдық ұйымдардың қудалауына ұшыраған ҰСТАЗДЫ қорғап қалған ісі – белорустық ата-аналарға сабақ болды. Бала құқығы қорғалуы тиіс. Баланың тағдыры – ең басты құндылық. Ұлдар тәрбиелеп, немерелер өсіріп отырған Әке, Ата ретінде – бала бәріміздің бауыр-етіміз. Балалар - елдің ертеңі. Бірақ бала психологиясының жетегінде кетпей, ел болып, қоғам болып осы Әліби Өтепбергеннің ісіне – араласып, жас дарынды қорғап қалуымыз керек деп есептеймін. Бұл қазіргі әлемді алаңдатқан ахуал кезіндегі адам тағдырынна бей-жай қарай алмайтын біздің кісілік бет-пердемізді ашып беруі тиіс. Әліби тағдыры – ұлтқа сабақ болуы керек. Сондықтан бұл іске, біз ұстаздары ғана емес, елімізге танымал психология немесе педагогика ғылымдарының докторларын қатыстыра отырып, халықаралық құқық негізінен тәжіриебесі мол заңгерлер мен қоғам қайраткерлерінің басын қосып – мұқият талдауымыз керек. Ешқандай жабық сот өтпеуі тиіс! 


Мен де Әліби тағдырына бей-жай қарай алмаймын. Жас тағдыр иесінің өспей жатып, өшуіне бар болмысыммен қарсымын!  Әлемнің өнер кеңістігін таныған жан ретінде айтарым; Әліби Өтепберген - болашақ қазақ өнерінің Асанәлісі, Әнуары, Құманы, Тұңғышбайы, Досханы! Әлібидің бойында осы саңлақ ағалары секілді актерлік, әншілік, сазгерлік қабілеттер үйлесім тауып, бір өзі бір кісілік театрға айнала алатын хас таланттың қасиеттеріне ие! Ал өнерінен бөлек, отбасы мен ұстаздарынан алған тәрбиесі мен адами қасиеттері мол жас. 

Кеше ғана бақилық дүниедегі Анасына арнаған зарын естіп, сай-сүйегім сырқырады. Естеріңізде болар... Менің ұмытқаным жоқ. Осыдан 3 жыл бұрын еліміздің жас спортшысы жарыстан оралып келе жатып, халықаралық ұшақ ішінде жанында отырған жолаушы-қыздың тізесіне қолы түсіп, ұйқысырап басы оның иығына сүйегені үшін нақақтан-нақақ Лондонда тағдыры сотқа түскені. Жалақор шет елдік жолаушы қыз - қазақтың оғыланына: «Маған зорлау әрекетін жасады», - деп сотқа беріп, аэропортта жас жігітті тұтқынға алады. Осыны көзімен көрген көрші орындықта отырған ағылшын отбасы арашаға түсті. Бүкіл сот отырысына қатысып, қорғауға барын салды. Сонда, қазақтың жас баласын ағылшындар өздері қорғап, оның жымысқы әрекеті болмағанын айтып ақтап алған болатын. Алты айға созылған сотта, айдаладағы ағылшын соты - қазақтың жас өренін ақтап, еліне оралуына дәнекер болды. 

Қазір де көзіміз көріп, бүкіл ел куә болып отырмыз: Ел Президенті Қ.Тоқаев – Қытай түрмесінде алты жыл еркіндікті аңсаған Ақжарқын Тұрлыбайдың елге орлауына дәнекер болып жатыр. Адам баласын істемеген ісі үшін жауапқа тарту – өркениеттіліктің белгісі емес! Ешқандай да адамдық моралға сыймайды!  Әліби – болашақ қазақ өнерінің қайраткері! Әлібиді толығымен ақтауды сұраймын!

Асхат МАЕМИРОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Философия докторы