11 ақп, 2020 сағат 09:14

Дархан Қыдырәлі: Бетеге кетер, бел қалар...

Қордайдағы жанжал тез тұтанып, соңы қақтығысқа айналды. Бейбіт күнде оқ атылып, жазықсыз жандар опат болды. Әрине, қайғылы жағдай. Қайтыс болған отандастарымыздың отбасыларына көңіл айтамыз. Жаралылардың да тез сауығып кетуін тілейміз.

Ұлттық мүдде ұранмен ғана шешілмейді. Ашуға булығып, арандап қалған кейбір азаматтар заңға бағынбай, өздері үкім шығарып, соның салдарынан қанша жазықсыз жандар жапа шеккенін, жан тапсырғанын көріп жанымыз қиналды. Бұл – бізге құқықтық мемлекетте өмір сүріп отырғанымызды, сондықтан кез келген мәселені заң шеңберінде шешуіміз қажет екенін терең ұқтырады.

Оқыс оқиға туралы суыт хабар тарасымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев твиттер желісі арқылы пікірін жедел білдіріп, оқиғаны қатаң бақылауға алғандығын жеткізді. Одан кейін де бірнеше мәрте пікірін жариялап, халықпен бірге жұртты сабырға шақырды. Бұл ел Президенті өзі айтқан «халық үніне құлақ асатын мемлекет» механизімінің іске аса бастағанын көрсетеді. Сонымен қатар мемлекеттік комиссияның шұғыл құрылып, Үкімет басшысының орынбасары бастаған кең құрамды топ оқиға орын алған жерге жедел баруы да көп оқиғаның алдын алды деп есептейміз.

Қай кезеңде болмасын, оқыс оқиғаның күңгірттеніп, басқаша сипат алып кетпеуіне анық ақпарат берудің маңызы зор екені белгілі. Бұл ретте еліміздің бұқаралық ақпарат құрал өкілдері халыққа дер кезінде дұрыс ақпар тарата білді. Оның ішінде «Egemen Qazaqstan» газеті де сол сәттен бастап көптеген ақпаратты жергілікті тілші арқылы сауатты сараптап, жедел әрі анық жеткізіп отыруға тырысты. Біз арандатушылық ниетте аттанға айғай қосудың бұндай кезеңде аса қауіпті екенін жақсы түсінуіміз керек.

Қоғамды алаңдатқан Қордайдағы жайт қордаланып қалған көп нәрсенің де бетін ашып кеткендей болды. Сондықтан, оқиғаға қатысты көлеңкелі тұстардың бар екенін жасырып қалмауымыз керек. Ең әуелі, болған оқиғадан тиісті салаларға қатысты салғырттықтың салқыны сезілді. Қазірге дейін бей-жай қаралып келген ұлттық мәселеге деген бойкүйездіктің бар екенін осы қайғылы жағдай тағы бір рет есімізге салғандай болды. Қарағандыда қылаң берген, Сарыағашты селт еткізген оқиғалардан сабақ алуымыз керек еді.

Ел ішінде етек жайған жемқорлықтың жегі құрты да жағдайдың ушығуына тікелей себеп екенін мойындауымыз керек. Мысалы, дәл осы Жамбыл облысында көршілес мемлекет азаматтарының пара беру арқылы оңай жолмен азаматтық алу фактілері айқындалған болатын. Бұл ретте жемқорлық – індет, онымен күресудің міндет екені белгілі.

Оқиға кезінде көптеген азаматтар айрықша атап өткендей, қазақ тілінің мәселесі өте өзекті екені осы жерде тағы білінді. Жалпы, Президент айтқандай қазақ тілі тек мемлекеттік қана емес, ұлтаралық тілге айналатын уақыт әлдеқашан жеткендігін көріп отырмыз. Сондықтан тіл – ұлттың жаны, тіл – елді тұтастыратын үлкен тетік екені анық.

Сонымен қатар, еліміздегі диаспора мәселесін қайта зерделеу керектігі туындап отырған сыңайлы. Біз бір шаңырақ астында ғұмыр кешіп отырған түрлі этнос өкілдерінің қилы тарихы мен қиын тағдыры жөнінде терең, зерделі зерттеулер керек екенін аңғарамыз. Ол тек Қордай оқиғасына қатысты ғана емес, этнос өкілдері көп шоғырланған барлық аймаққа осындай жұмыстардың жиі, жедел жүргені абзал.

Бұл орайда, кезінде елімізге тағдыр талайымен келген түрлі этнос өкілдері бір нанды бөліп жеп, қиындықта қатар жүріп, қуанышымызды бөліскені белгілі. Алайда, соңғы жылдары осы тарихты білмейтін кейінгі буын диспора өкілдерінің қазақ мәдениетіне, ұлттық құндылықтарымызға жат өсіп келе жатқандығы байқалады. Ел тұтастығы, ел бірлігі үшін ортақ құндылықтар қалыптасуы шарт. Сондықтан ұлттық рухани бағдарламалар, әсіресе, диаспора өкілдері арасында да кеңірек жүріп, насихатталуы қажет деп ойлаймыз.

Бұл мемлекет – біздің ортақ үйіміз. Қазақта «Бетеге кетер, бел қалар, бектер кетер, ел қалар» деген сөз бекер айтылмаған. Сол себепті қоғам сабырға келіп, әр азамат өздерін ақылға жеңдіргені жөн. Біз басалқы сөзге тоқтаған, бәтуалы сөзге жүгінген жұртпыз. Сондықтан ел бірлігі - тәуелсіздік тірегі екенін ұмытпауымыз қажет.