Алматылық кәсіпкер, мәслихат депутаты Қайрат Құдайберген ағаш түбінен табылған баланың жағдайын білуге ауруханаға барып, дәрігерлермен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Белгілі бизнесмен бұл туралы Фейсбуктегі парақшасында жазды.
«Бүгін таңертең сағат 9-да қалалық балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығына барып, белгісіз біреулер көлікпен соғып, тал түбіне тастап кеткен 4 жастағы Дінмұхаммедтің жағдайын білдім. Ата-анасымен кездестім. Аурухананың бас дәрігері Абай Зікірияұлы Құсайынов толық ақпарат айтты. Дінмұхамедтің өмірі үшін білікті дәрігерлер барын салуда. Кеше бала үшінші дәрежедегі комада болған, қазір екінші дәрежеге шықты. Алда ең қиын 3,5,7-тәуліктер келе жатыр. Соққыдан баланың самай сүйегі ішке кіріп кеткен. Дәрігерлер ұйыған қан мен сүйек жарықшақтарын тазалады. Бірақ соққыдан соң баланың миы ісіне бастады. Бұл - ең үлкен қауіп. Дәрігерлер барын салып жатыр. Қажетті дәрілер жеткілікті. Бірақ жағдай өте ауыр...», - деді ол.
Айта кету керек, жантүршігерлік оқиға кеше шығыс айналма жолына жақын Брянская көшесінде болған. 4 жастағы баланы көлік қағып, ағаш түбіне қалдырып кеткен.
Ата-анасы бірнеше минут өткен соң ғана баланы жүздеген метр қашықтан тауып алған.
Алматы полициясы баланы соққандарды іздестіріп жатыр. Қазір бұл іспен Медеу аудандық ІІБ жанындағы полиция бөлімі айналысуда.