Қазақстандық жартылай орта салмақтағы кәсіпқой боксшы Данияр Елеусіновтің (10-0, 6 КО) 18 желтоқсанда Нұр-Сұлтанда өтетін жекпе-жегіндегі қарсыласының есімі белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz сайтына сілтеме жасап.
Спортшының менеджері Зия Әлиевтің айтуынша, ол «Есі кеткен» лақап атымен танымал мексикандық боксшы Данте Хардон (34-7, 25 КО) болмақ. Боксшылар IBO нұсқасы бойынша жартылай орта салмақтағы әлем чемпионы атағы үшін айқасады.
Хардон 27 тамызда Ұлыбританияда өткен соңғы жекпе-жегінде қарсыласы, жергілікті боксшы Энтони Томлинсонды (13-1, 7 КО) нокаутқа түсіріп, IBO Inter-Continental нұсқасы бойынша жартылай орта салмақтағы чемпиондық атақты жеңіп алған. Елеусінов болса, соңғы рет 2020 жылдың қараша айында АҚШ-та өткен жұдырықтасуында бұрынғы әлем чемпионы Джулиус Индонгоны (23-4, 12 КО) мерзімінен бұрын жеңіп, IBF Inter-Continental титулына ие болған.