Жыл басынан бері банктердің несиелер көлемі 313 млрд теңгеге өсті. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Несиелік нарық қалпына келіп жатыр. Жыл басынан бері банктердің несиелер көлемі 2,5 пайызға немесе 313 млрд теңгеге өсіп, 13 трлн теңгені құрады. Қайта құрылымдалып жатқан және лицензиясынан айырылған банктерді қоспағанда, экономиканы несиелеудің жылдық өсуі 11,6 пайыз, яғни 1,3 трлн теңге болды», - деді Данияр Ақышев.
Осы орайда, ол ағымдағы жылдың 8 айында жаңа несие беру 28,1 пайызға немесе 1,9 трлн теңгеге өскенін атап өтті.
«Кәсіпорындарға теңгедегі несиелер бойынша ставка жыл басындағы 13,2 пайыздан 2018 жылғы тамызда 12,2 пайызға дейін төмендеді. Ұлттық банктің ағымдағы басымдығы - Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмаларын орындау. Біз Үкімет және банктермен бірге өтімділікті беру тетіктерін жедел әзірлеуге дайынбыз», - деп түйді Ұлттық банк төрағасы.
Айта кетейік, жалпы отырыста «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланып жатыр.
Биылғы жылы инфляция 5-7 пайыздық мақсатты дәлізде қалады.
Сонымен қатар, жыл басынан бері валюта нарығында теңге бағамы 10,4 пайызға әлсірегені белгілі болды.