09 мам, 2017 сағат 17:09

Даниал Ахметов: Жеңімпаз батырлардың ұрпағы екенімізді әрқашан мақтан тұтамыз

Шығыс Қазақстанда Ұлы Жеңістің 72 жылдығына арналған мерекелік шаралар легі 20 000 мыңнан астам адам қатысқан «Қаһарман ұлт» акциясымен басталды. Акция барысында саппен жүріп өткен облыс тұрғындары ескерткішке гүл шоғын қойып, ҰОС қаза тапқан жауынгерлерді еске алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Әкесі Кенжетай Ахметовтың суретін алып, «Қаһарман ұлт» акциясына қатысқан ШҚО әкімі Даниал Ахметов соғыс және тыл ардагерлеріне ізгі тілегін білдірді.

– Ұлы Отан соғысы – өткен тарихымыздағы тағдырлы да, қасіретті кезең. Өмір мен өлім айқасқан сол бір жылдары, біздің аға ұрпақ, Отан қорғау жолында, көзсіз ерлік пен жанқиярлық еңбектің үлгісін көрсетті. Біз бүгін, Ұлы Жеңіс мерекесін, зор қуанышпен қарсы ала отырып, ұрыс даласынан оралмаған майдангерлер рухына тағзым етіп, қаһармандар алдында бас иеміз. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен жүргізіліп отырған сарабдал саясаттың ең басты қағидасы - тұрақтылық пен тыныштық. Біз, жеңімпаз батырлардың ұрпағы екенімізді әрқашан мақтан тұтып, олардың ерліктері мен есімдерін мәңгілік есте сақтауға тиіспіз, – деді Даниал Ахметов.

Салтанатты шара әскери техника көрмесі мен мерекелік концертпен жалғасын тапты.

Сондай-ақ бұл күні қала жастарының қатысуымен дәстүрлі «Жеңіс рекорды» акциясы өтпек. Соғыс жылдарынан кейінгі бейбітшіліктегі 26 280 күннің символы ретінде, акцияға қатысушылар 26 280 рет денесін жерден көтеру (отжимание) жаттығуын жасайды. Шара арасында түрлі спорттық ойындар өткізілмек.  

Ал кешке Даңқ мемориалында  7 199 шырақ жағылады. Бұл Ұлы Отан соғысында қаза тапқан өскемендік жауынгерлердің саны.

Артынша қала халқы мерекелік отшашуды тамашалайы алады.

Айта кетсек, ҰОС жылдары майдан даласына аймақтан 180 мың сарбаз жіберіліп, оның 83 мыңы соғыс алаңында қаза тапты. 109 шығысқазақстандық Кеңес Одағының батыны атына лайықталса, 24 жауынгер «Даңқ» орденінің ковалері атанған. Сонымен қатар, майданда атылған әрбір тоғызыншы оқ Шығыс Қазақстанның қорғасынына құйылған. Жалпы, облыс аумағында әскери техникалар құрастырылған.