13 мам, 2021 сағат 20:40

Чемпиондар лигасының финалы өтетін орын өзгерді


Футболдан биылғы UEFA Чемпиондар лигасы финалы өтетін орын өзгерді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұл жөнінде Еуропалық футбол қауымдастығы одағы (UEFA) мәлім етті.

Финалдық ойын 29 мамырда Португалияның «Драгау» стадионында өткізіледі. Онда Англияның «Манчестер Сити» және «Челси» командалары шеберлік байқасады.

Айта кетерлігі, бұдан бұрын финал Түркияның «Ататүрік» стадионында болады деп жоспарланған еді. Дегенмен Англия футбол федерациясының басшылығы аталған елде коронавирус ахуалының күрделі болуына байланысты өтетін орынды өзгерту жөнінде ұсыныс білдірді. Оған балама ретінде турнирдегі соңғы кездесуді ағылшын жерінде ұйымдастыруға өтініш жасады.

UEFA басшылығы барлық жағдайды ескере отырып, финалды Португалия елінде ұйымдастыруға шешім қабылдады.