28 сәу, 2021 сағат 14:45

Чемпиондар лигасы: «Пари Сен-Жермен» мен «Манчестер Сити» кездеседі


Бүгін, 28 сәуірде UEFA Чемпиондар лигасының жартылай финалындағы екінші ойын өтеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұл жолы «Пари Сен-Жермен» (Франция) мен «Манчестер Сити» (Англия) командалары кездеседі. 

Ойын елорда уақытымен 00.50-де басталып, «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Ширек финалда «Пари Сен-Жермен» Германияның «Бавария», «Манчестер Сити» Германияның «Боруссия Дортмунд» клубтарын орта жолда қалдырып кетті.

Бүгінгі ойында екі команда құрамында да жарақат алған футболшылар бар. Атап айтқанда, алаң иелері сапынан Хуан Бернат, Абду Диалло, Александр Летелье және Рафинья жасыл алаңға шықпайды. Ал ағылшындық клубтан Серхио Агуэро мен Кевин Де Брёйне бүгінгі кездесуден тыс қалды. 

Аталған кездесуде германиялық Феликс Брих бас қазы болады. Оған отандастары - Марк Борш пен Штефан Лупп көмекшілік жасайды. Қосалқы төреші де - сол елдің өкілі Даниэль Зиберт. (Берлин, Германия).

Екі команда бұған дейін үш мәрте кездесті. Оның екеуінде тең нәтиже тіркелсе, біреуінде ағылшындық клуб жеңіске жетті.