2017 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 6,75 трлн. теңге болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" «БЖЗҚ» АҚ баспасөз орталығына сілтеме жасай отырып.
«2017 жылғы 1 ақпанда шарттардың барлық түрлері бойынша салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарының (ЖЗШ) саны 10,04 млн. бірлік, оның ішінде міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен 9,58 млн. бірлік болды. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша салымшылардың ЖЗШ саны 423,35 мың бірлік, ал ерікті зейнетақы жарналары бойынша 39,11 мың бірлік болды. Ағымдағы жылдың екі айы ішінде түсімдердің жалпы сомасы 121,68 млрд. теңге болды. Әскери қызметшілер мен әлеуетті құрылымдар қызметкерлерінің пайдасына 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін бюджет қаражаты есебінен аударылған міндетті зейнетақы жарналары сомасынан 50 пайызын республикалық бюджетке қайтару есепке алына отырып, қайтарылған жарналар сомасы 2017 жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша 0,53 млрд. теңге болды. 2017 жылғы қаңтар-ақпан айларында БЖЗҚ-дан төленген зейнетақы төлемдерінің сомасы 61,54 млрд. теңге, оның ішінде сақтандыру ұйымдарына аударымдар 3,98 млрд. теңге болды», делінген хабарламада.
Сонымен қатар, акционерлік қоғам салымшы өзінің зейнетақы жинақтары туралы ақпаратты БЖЗҚ-ның 231 дербес қызмет көрсету орталығының бірінен, пошта байланысы арқылы, электрондық пошта арқылы, БЖЗҚ сайты немесе ұялы қосымша арқылы ала алатынын еске салды.