26 қыр, 2019 сағат 10:03

БЖЗҚ «Қазатомөнеркәсіп» акцияларының арқасында 21 млрд теңге табыс тапты

Еліміздің Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры «Қазатомөнеркәсіп» акционері болуының арқасында 21 млрд теңге табыс тапты. Бұл туралы бүгін XII Kazenergy Еуразиялық форумында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ« АҚ басқармасының төрағасы Аметжан Есімов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Біз инновациялық шешімдерді белсенді енгізіп, қосымша құн қалыптастырып, өндірістік тиімділікті арттырып жатырмыз. Қор Үкімет бекіткен жекешелендірудің ауқымды бағдарламасын жүзеге асыруда. Оның мақсаты - Ұлттық қорды молықтыру, корпоративтік басқарудың алдыңғы қатарлы тәжірибесін енгізу, әлемтік стандарттарды, ашықтық пен есептілікті қамтамасыз ету. Соңғы жылдары yellow pages принципіне сәйкес бәсекелестік ортаға 89 кәсіпорын шығарылып, 192 млрд теңге түсім алынды. ІРО-ға энергетика және телекоммуникация, инфрақұрылым салаларындағы ұлттық оператор саналатын қордың 8 компаниясын шығару жоспарланған», - деді Ахметжан Есімов.

Осы орайда қор басшысы өткен жылы Қазатомөнеркәсіп компаниясының акциялары ІРО-ға табысты шығарылғанын, әлемдік деңгейдегі институттық инвесторлар, еліміздің зейнетақы қоры акционер атанғанын еске салды.

«Өткен жылдың қарашасында орналастырылғаннан бергі уақытта компанияның нарықтық құны 3 млрд доллардан 4 млрд долларға дейін өсіп, зейнетақы қорының табысы 21 млрд теңгені құрады. Бұл қор тарихындағы ең табысты ақша салымы болып есептеледі. Сонымен қатар Ұлттық қорға 168 млрд теңге түсті», - деді ол.