22 қаң, 2025 сағат 13:44

“Бюджеттің бүйірін теспей сорып үйренгендер”: Нартай Сәрсенғалиев спорттағы мәселені көтерді

Фото: amanatpartiasy.kz

Мәжілістің жалпы отырысында Нартай Сәрсенғалиев спорт мәселесін көтеріп Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Ult.kz.

Депутаттың айтуынша, оңғы 6 жылда Қазақстандағы спорт саласын қаржыландыруға шамамен 1,4 триллион теңге жұмсалған.

“Ол ол ма, бюджеттен ағымдағы және алдағы екі жылда тағы 1,3 триллион теңге бөлу жоспарланған. Басқасына бас қатырмаса да Қазақстан кәсіби спортқа ақша құюдан алдына қара салмай тұр, Орта Азия елдерін озғаны аздай, Канада, Норвегия, Нидерланды да біздің шашпалыққа жете алар емес. Бірақ әлемдік спорт рейтингінде Қазақстан 2014 жылы 25-орында болса, 2023 жылы 42-орынға түсіп қалды. Мұның басты бір себебі, спорт түрлерінің сараланбауы. Мәселен, жоғары жетістіктер спорты ретінде қаржыландырылатын бағыттардың 60%-ы Олимпиадалық емес. Бірақ олар бюджеттен ауқымды ақша алып келеді”,- дейді Нартай Сәрсенғалиев.

Одан бөлек ол:

“Мәжілісте қаралып жатқан «Спорт туралы» заң жобасында біз осы олқылықты тоқтату үшін, жоғары жетістіктер спортының нақты анықтамасын жазып, бекіттік. Яки, енді жоғары жетістіктер спортына - Олимпиада, параолимпиада, сурдлимпиада, азия, параазия және ұлттық спорт түрлері ғана енеді. Бұл бүгінге дейін тіркеліп кеткен 180-нен астам спорт түрін 3 есе қысқартуға мүмкіндік береді”,- деді. 

Депутат Нартай Сәрсенғалиев бірнеше маңызды мәселеге тоқталды.

“Осы тұста бюджеттің бүйірін теспей сорып үйренгендер ақпараттық шабуылға көшіп, мемлекет спортқа ақша бөлуді тоқтатып саланы тұралатып тастамақ деген жалған айыптаулар таратумен әлек. Біз тек жемсауы асауды білгенмен спорттық жетістік жасауды білмейтін салаларға бүгінге дейін бөлініп келген есепсіз ақшаның жолын кесуді мақсат тұттық. Мәселен соңғы 6 жылда 49 млрд теңге алған «Барыс» хоккей клубы, соңғы 6 жылда 50 млрд теңге алған «Астана» футбол клубы сынды командалардың әр тиын үшін есеп беретін күні тууы тиіс. Осынша ақша алғанына қарамастан аталған командалардың өз инфрақұрылымдары жоқ, салмаған. Бір ғана «Астана» футбол клубы алты жыл ішінде тек футбол алаңдары мен ғимараттарды жалға алуға 1,4 млрд теңге жұмсаған.
Осы тұста кей спорттық ұжымдар жауапкершіліктен сытылу үшін қаржыны бюджеттен емес, квазимемлекеттік сектордан алдық деген ақпарат айтады.
Мысалы, 2023 жылы «Ақтөбе» футбол клубы 1,8 млрд теңге қаржы алса, 2024 жылы 3,6 млрд теңгеге қаржыландырылған. «Астана» футбол клубының 2023 жылы алған қаржысы 5,2 млрд теңге болса, 2024 жылы 5,3 млрд теңгеге жеткен. «Жеңіс» футбол клубы 2023 жылы 500 млн теңгеге алса, 2024 жылы 1,5 млрд теңгеге қаржыландырылған. «Ордасы» футбол клубының алған қаржысы 2023 жылы 5,6 млрд теңге, 2024 жылы 5,3 млрд теңге болған. Жалпы 2024 жылы Қазақстандағы 13 футбол клубын қаржыландыруға 27,3 млрд теңге жұмсалған. Бұған 2023 жылдың өзінде «Спорт қорынан» 6 млрд теңге алған «Астана» велокомандасымен, 1,3 млрд теңге алған «Астана» баскетбол клубын қосыңыз.
 Айта берсем ақпарат өте көп, сәйкесінше спортқа бөлінетін қаражатты шектеу туралы шешімнің дұрыс екенін, ал бүгін байбалам салғандардың түпкі мүддесі не екенін анық аңғаруға болады. Осынша ақшаның біраз бөлігі легионерлерді ұстауға жұмсалатыны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мәлімдеді. Мұны тоқтату үшін Мәжілісте Қазақстан Республикасының азаматы боп табылмай спортшыларды мемлекеттік бюджет есебінен де, квазимемлекеттік бюджет есебінен де қаржыландыруға тыйым салынады деген норма қабылданды. Сәйкесінше бұл миллиардтар алып үйренген клубтардың тәбетін тоқтатауы тиіс. Шетелдік спортшыны әкелуден бөлек, оларға азаматтық беру ісі де елде белең алды. Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан 126 шетелдік спортшыға азаматтық берген, бірақ олардың әрбір екіншісі кейін өз еліне қайтып кеткен. Бұл мәселені Мемлекет басшысы да қатаң сынға алған болатын.
«Спорт туралы» заңды халықтың мүддесі үшін қарап, түзетіп жатқан Мәжіліс пен Туризм және спорт министрлігіне ақпараттық шабуыл жасағандар «бұл заң бұқаралық спорт пен балалар спортын қаражатсыз қалдырады» деген ақпарат таратуға көшіпті. Бұл да жалған. Қазақстан жоғары жетістіктер спортына 340 млрд теңге жұмсаса, бұқаралық спортқа 35 млрд теңге ғана жұмсаған, яки 9 есе аз. Сондықтан қазір Мәжілістегі спорт туралы заң жобасында бюджет қаражатының нақты қай бағытқа жұмсалатыны жазылған, сол нормада бұқаралық спорт бірінші боп тұр.
Бұдан бөлек кей федерациялардың заң жобасы енді спорт түрлерін шектейді дегені де шындыққа жанаспайды. Себебі заң жобасында 1 федерацияда 1 спорт түрі ғана болады деп жазылды, бұл бір жүйені қалыптастыру үшін керек. Себебі кей федерациялардың құрамына 5-10 спорт түрі тіркеліп кеткен.
Құрметті әріптестер, қазір дұрыс шешімге қарсы тараптар мәселені ақпараттық шабуыл арқылы ушықтыруды әдетке айналдырған. Ең сорақысы, сол шабуылдың ақшасын бюджеттің есебінен төлейтіндері бар. Біз көпке топырақ шашпаймыз, бірақ бюджет ақшасын аямай асап келгендердің қайсысы, кім арқылы, қандай ақпараттық шабуыл жасап жатқаны бізге аян.
Осы тұста, Туризм және спорт министрлігі заң жобасына қатысты түсіндіру жұмыстарын көбейтуі қажет.
Мәдениет және ақпарат министрлігі жалған ақпарат таратып елді дүрліктірген ақпарат құралдары мен интернет қолданушыларға тиісті шара қолдануы қажет.
Спорт федерацияларының ақпараттық жұмысқа қанша қаржы жұмсайтынын тексеру керек.
Осы депутаттық сауалға заңнамада белгіленген мерзім ішінде жазбаша жауап күтеміз”,- деді Нартай Сәрсенғалиев.