16 қар, 2023 сағат 16:47

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Израиль мен ХАМАС арасындағы қақтығыс бойынша қарар қабылдады


16 қарашада БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Палестина-Израиль дағдарысы бойынша Мальта ұсынған қарарды қабылдады. Оны Қауіпсіздік кеңесінің 12 мүшесі жақтап, кеңес мүшелерінен ешкім қарсы болмады, үш ел – Ресей, АҚШ және Ұлыбритания қалыс қалды. Бұл жөнінде БҰҰ ресми сайтында хабарлады, деп жазады Азаттық.

Қауіпсіздік кеңесінің мүшелері қарарда барлық тараптан халықаралық құқық, оның ішінде халықаралық гуманитарлық құқық бойынша, әсіресе бейбіт тұрғындарды, ең алдымен балаларды қорғау бойынша өз міндетін орындауды талап етті.

Резолюция "ХАМАС" радикалды тобы мен басқа да топтар кепілде ұстап отырған адамдарды, ең алдымен балаларды дереу және ешқандай шартсыз босатуға шақырады".

Бұл — 7 қазанда басталған Израиль-ХАМАС қақтығысынан кейін Қауіпсіздік кеңесі қабылдаған бірінші резолюция. Бұған дейін Қауіпсіздік кеңесіне дауысқа салуға бірнеше қарар шығарылды, бірақ оның біреуі де қабылданған жоқ.

АҚШ Бразилия дайындаған резолюция жобасына, ал Ресей мен Қытай АҚШ ұсынысына вето қойған.

7 қазанда ХАМАС радикал тобының Израильдің оңтүстігіне шабуыл жасады. Израильде 1400 адам қаза тауып, содырлар шамамен 250 адамды Газаға күштеп алып кеткен. Бұған жауап ретінде Израиль ХАМАС тобына (АҚШ, ЕО, Израильде террорлық ұйым деп танылған) соғыс жариялап, Газаға әуеден шабуыл жасады. Қазан айының соңында Израиль қорғаныс армиясы сектор аумағына кіріп, жермен шабуыл бастаған.

ХАМАС бақылауындағы Газа секторының денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына сәйкес, Израиль шабуылынан 11 мыңнан аса адам қаза болған.