17 сәу, 2024 сағат 15:35

30 жыл бойғы салғырттық пен жемқорлықтың салдары — Нартай Аралбайұлы су тасқыны туралы

Фото: Мәжіліс баспасөз қызметінен

Депутат Нартай Сәрсенғалиев "су басқан өңірлерге өтемақы жедел және әділетті, толық көлемде төленуі тиіс және комиссиялар су кеткенін күтпей қазірден бастап үйлерге жүзіп барып, аралық акт жасауы шарт" деп отыр. Бұл туралы ол сәрсенбіде өткен Мәжіліс отырысында айтты, - деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат". 

"Аптаның аяғында қарғын судан қатты зардап шеккен Атырау облысындағы Құлсары қаласы мен Батыс Қазақстан облысына аяқтай бардық. Құлсарыда 2900 үй су астында қалған.
Батыс Қазақстан облысындағы ахуал да көңіл көншітпейді, қазірдің өзінде 1226 үйді, 1905 саяжайды су басып қалған. 450 үй қирап қалды. Ендігі қатер Жайық өзенінен. Жайықтың көрші елдегі ең жоғарғы деңгейі 11,87 метр болды, енді сол су біздің елге  қарай жөңкілеп келеді. 
Жайық өзені БҚО-ң 600 шақырым жеріне ағып өтеді, ондағы арнаның ең биік нүктесі 8,5 метр. Демек келе жатқан су қалыптағыдан 3 метрден астам жоғары. Жайықтың бойында 84 елді-мекен бар, ол жақта 126 000 адам тұрады деген дерек алдық. Ел елеңдеп отыр, үрей де жоқ емес", деген депутат төтенше жағдай кезіндегі халықтың бірлігіне тәнті болып, "қарапайым халықты кедейлікке әкелген бұрынғы жүйенің бай-бағландары қазіргі табиғи апаттан ұпай жинау үшін жанталасып жатыр" дегенді айтты. 


Нартай Аралбайұлы қазіргі су тасқынының бетін қайтаруы тиіс болған бөгеттер мен бөгендердің салынбауы, каналдардың ретке келтірілмеуі 30 жыл бойғы салғырттық пен жемқорлық екенін, Қазақстандағы су қоймалары мен бөгеттер 50-70 жылдары салынғанын айтады.


"Биылғы тасқынның алдын алу неге мүмкін болмады деген сұрақ туады. Оған себеп ғылымға жағдайдың жасалмауы. Салдарынан 90-шы жылдардың тоқырауында 40 мың ғалым саланы тастап кетуге мәжбүр болған. 
Осынша олқылыққа, яки қылмысқа жол берген 30 жылдық ескі жүйенің шабармандары, бүгінгі жаңа буынға қарсы ақпараттық соғыс ашып әлек. 
Олар жалған ақпараттың жарға жығатынын білсе де, ағайынды арандату үшін барын салып әлек. Бірақ қазақтың бірлікті бірінші орынға қоятынын және ұлтының қамын құлқынының қамынан артық қойғандарды ұмытпайтынын білу керек олар", - деді депутат Сәрсенғалиев.