Фото: видеодан скриншот
Бурабай демалыс аймағында шана жоғары жылдамдықпен ағашқа соғылып, 24 жастағы қыз зардап шекті, деп хабарлайды Ult.kz.
Дәрігерлер үшінші тәулік бойы науқастың өмірі үшін күресіп жатыр.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, зардап шегушінің жағдайы өте ауыр, критикалық деп бағалануда. Ол бассүйек пен бет сүйектерінің көптік сынуын, жабық бас-ми жарақатын алған, сондай-ақ травматикалық шок дамыған.
Облыстық нейрохирургтер мен салалық мамандардың қатысуымен өткен консилиум қорытындысы бойынша, жарақаттардың ауырлығына байланысты науқасқа әзірге ота жасау мүмкін емес. Кез келген хирургиялық араласу оның өміріне қауіп төндіруі мүмкін.
Дәрігерлер артериялық қысымды уақытша тұрақтандырғанымен, болжам қолайсыз күйінде қалып отыр. Қазіргі уақытта емдеу шаралары жансақтау бөлімінде жалғасуда, зардап шегуші комада жатыр.
Аталған факті бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Сонымен қатар құқық қорғау органдары Щучинск-Бурабай курорттық аймағы аумағындағы квадроциклдер мен шаналарды жалға беру пункттеріне тексеру жүргізуді бастады.
Тәртіп сақшылары қауіпсіздік талаптарының сақталуын, клиенттерге нұсқаулықтың жүргізілуін және техниканың техникалық жағдайын анықтауды көздеп отыр.
