Фото:tumba.kz
Америка Құрама Штаттарының ең ірі мегаполистерінің бірі — Лос-Анджелес алапат өрттің құрсауында қалды. Әлемнің кино орталығы саналатын бұл қалада төтенше жағдайлар көркем фильмдердегі драмалық оқиғаларды еске салады. Алайда бұл жолы алапат жалын декорация емес, апаттың шындығы. Ult.kz әлем назарын өзіне аударған өртке шолу жасады.
Табиғаттың қаһары ма, адамның қолымен жасалған қасірет пе?
7 қаңтарда басталған жалын қала шетінде орналасқан орман алқаптарынан бастау алды. Желдің екпінімен таралған өрт тұрғын үйлерге, инфрақұрылымға қауіп төндірді. Бірнеше сағат ішінде мыңдаған гектар жер, күлге айналғаны хабарланды. Өрт сөндірушілер мен құтқарушылар оқиға орнына бірден жеткенімен, апат ауқымы тым кең болғандықтан өрт сөндірушілер қауқарсыздық танытты. Алғашты деректер өртті табиғи апат деп атады. Кейіннен түрлі басылымдар "кісі қолынан қасақана жасалған" деген мәліметтерді жариялады. “NewsNation” телеарнасы Лос-Анджелес полиция департаментінің мәліметіне сүйеніп, өртке қатысты күдікті қамауға алынғанын хабарлады.
“Лос-Анджелес полиция департаменті “NewsNation” телеарнасына “Кеннет” өртін тергеу енді қасақана өрт қою ісі ретінде қарастырылып жатқанын және бір адамның қамауға алынғанын растады”, – делінген хабарламада.
Голливудтың қорқынышты фильмдері шындыққа айналды
Өрттің ортасында қалған кей аудандарда эвакуация жарияланды. BBC таратқан ақпаратқа сүйенсек, шамамен 180 мың адам эвакуацияланды, 10 мыңға жуық құрылыс өртеніп кетті. Лос-Анджелес округінің патологоанатомы жексенбі күні өрт құрбандарының саны 24 адамға жеткенін хабарлаған. Қайтыс болғандардың 16-сы Итон ауданынан, тағы 8-і Палисейдс ауданынан табылған.
Фото:Reuters (өрт сөндірушілер)
Қаланың элиталық аудандарында орналасқан зәулім виллалар мен сән-салтанатты үйлер де отқа оранды. Аймақтағы танымал актерлер мен режиссерлердің кейбірі қауіпсіз орындарға көшірілді. Әлеуметтік желіде пайда болған бейнероликтерден жолдарды жауып, аймақтан халықты шығарып жатқан сәттерді көруге болады. Әдетте экраннан көретін көріністер енді Лос-Анджелес тұрғындарының шынайы өміріне айналды.
«Үйіміз тікелей эфирде өртенді» өрт жұлдыздардың мүлкін жойды
Алапат өрт Пасифик-Палисейдс ауданында 60 шаршы километрден астам аумақты қамтып жатыр. Малибу мен Санта-Моника қалалары арасындағы аймақ өзінің элиталық жылжымайтын мүлкімен танымал. Бұл жерде Голливудтың басты жұлдыздары тұрады. Олардың көпшілігі үйлерінен айырылып, эвакуациялануға мәжбүр болды.
Фото:newsnation (жанып кеткен аудан)
Зардап шеккендер арасында американдық актерлер Адам Броди («Мистер и миссис Смит», «Одинокие сердца» сериалында ойнаған) және Лейтон Мистер («Сплетница» сериал) бар. Page Six басылымында жарияланған суреттерде өрт олардың үйлерінің бірнеше қабатын қамтығаны көрініп тұр. Ғимараттың шатыры толығымен жанып кеткен.
Жұлдызды жұп үйлерін 2019 жылы 6,5 миллион долларға сатып алған. Үш қабатты үйдің аумағы екі мың шаршы метрден астам, бес жатын бөлме мен алты ванна бөлмесі болған. Актерлер бұл үйде екі кішкентай баласымен тұрған.
Өз үйінен актриса Анна Фэрис те айырылды, ол “Очень страшное кино ” фильмі мен “Трудности перевода”, “Горбатая гора” фильмдері арқылы танымал. Фэрис 2018 жылы актер Крис Праттпен айырылысып, Пасифик-Палисейдс ауданынан 4,9 миллион долларға үй сатып алған. Актриса бұл жылжымайтын мүлкінде оператор Майкл Барретт және 12 жастағы ұлымен тұрған.
БАҚ-тағы суреттерден көрініп тұрғандай, өрт салдарынан 87 жастағы актер Энтони Хопкинстің («Молчание ягнят», «Отец») үйі толық жанып кеткен. Актер әзірге бұл туралы пікір білдірмеді.
Фото:noi.md (Энтони Хопкинс және оның жанып кеткен үйі)
Малибудағы Пэрис Хилтонның жеке үйі де жалын қоршауында қалған. Голливуд жұлдызы инстаграмда өрт туралы үлкен жазба жазып, өзінің үйі толығымен жанып кеткенін жеткізген.
“Жүрегім жаралы, сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Отбасымызбен жаңалықтарды қарап, Малибудағы үйіміздің тікелей эфирде жанып жатқанын көру — ешкімнің басынан өтпеуі тиіс нәрсе. Бұл үйғе қатысты көптеген құнды естеліктеріміз бар еді”,- деп жазды Хилтон.
Актер Билли Кристал мен оның жұбайы Дженис өрттің салдарынан 46 жыл тұрған Пасифик-Палисейдс ауданындағы үйінен айрылды.
“Мен және Дженис 1979 жылдан бері осы үйде тұрдық. Біз балаларымыз бен немерелерімізді осында өсірдік. Үйіміздің әр бұрышы сүйіспеншілікке толы еді. Әрине, жүрегіміз ауырады, бірақ балаларымыз бен достарымыздың махаббатының арқасында біз мұны жеңеміз”, - дейді Кристалдар отбасы.
Актер Джеймс Вудс CNN эфирінде көз жасына ерік берді. Ол мүлкінен айрылғанын айтып, жылап алды.
Фото: variety.com (Джеймс Вудс CNN эфирінде)
Апаттың салдарынан көптеген жұлдыздар эвакуациялануға мәжбүр болды. БАҚ-қа белгілі болғандай, қауіпсіз аймақтарға Калифорниядан “Оскар” жүлдесінің иегерлері Бен Аффлек («Умница Уилл Хантинг», «Операция “Арго”»), актер Марк Хэмилл (Люк Скайуокер «Звездных войн») және Голливудтың даңқ көшесінде жұлдызды ескеркішіне ие әнші Мэнди Мур көшуге мәжбүр болған.
“Оскар” иегері актриса Джейми Ли Кертис та Лос-Анджелестен кеткен. Ол, инстаграм арқылы үйлерін жоғалтып, тұратын аудандары жойылған адамдарға көмек көрсетуге шақырып, өзі 1 млн. доллар қайырымдылыққа бөлді.
“Кеше бассейннен ләззат алып отырдық, ал бүгін бұл жер тозақ сияқты — бүкіл ауданға тараған хаос. Мен бұған төземін деп ойлаған едім”, — деп жазан ол.
Мэл Гибсон 14,5 миллион доллар тұратын үйінен айрылды. Голливудтың актері әрі режиссері бірнеше жыл бойы өзінің қалауы бойынша қайта құрылымдаған сәнді сарайында тұрған – күннің батуы мен таңғы көріністері бар үйінен айрылған Гибсон көптеген басқа актерлерге қарағанда оптимистік көзқараста екенін, қазір көңіл-күйін түсірмейтінін жазған.
“Енді мен өзімнің заттарымның барлығынан айрылғандай болдым, өйткені бәрі күлге айналды. Бірақ жақсы, өте жақсы жаңалық – менің отбасымның мүшелері және мен сүйетін адамдар бәрі жақсы, сау және қауіпсіздікте. Қазір мені алаңдататыны осы”, – дейді актер.
Оның байлығы 300 миллион доллар деп бағалануда.
Фото:focus.ua (Мэл Гибсонның үйі отқа оранғанға дейін)
Леонардо Ди Каприо бұрын тұрған үйдің де өртеніп кеткені белгілі болды. Бірақ, кейбір деректерде, голливудтық актер оны сатқан немесе жақын туысына берген деген ақпарат тарады.
“Бақылауда бірақ қауіп бар!” - Қазіргі жағдай қалай?
Калифорнияның төтенше жағдайлар қызметі осы аптаның басында Лос-Анджелесте жел күшейіп, орман өртінің тез таралуына ықпал етуі мүмкін деп ескертуде. Ең үлкен өрт Пасифик-Палисейдс ауданында болып, Брентвуд пен Бель-Эйрге қауіп төндіруде — бұл аудандарда көптеген америкалық жұлдыздардың зәулім үйлері орналасқан.
BBC -дің мәліметіне сүйенсек, қазіргі уақытта қалада кемінде үш ірі өрт ошағы жалғасуда: Пасифик-Палисейдс ауданында (шамамен 96 шаршы км аумақты қамтыған және тек 13%-ы бақылауға алынған), Итон ауданында (шамамен 57 шаршы км, 27%-ы бақылауда) және Херст ауданында (шамамен 3,2 шаршы км, 89%-ы бақылауға алынған).
Калифорния Төтенше жағдайлар қызметі «өрт бақылауға алынды» дегенде, бұл оның толық сөндірілгенін емес, тек таралуы тоқтатылғанын білдіреді деп жеткізуде. Мысалы, егер өрт 11% бақылауда десе, бұл тек сол өрттің периметрінің 11 пайызы ғана қауіпсіздік шараларымен қоршалғанын көрсетеді. Бұл табиғи жолдармен немесе құтқарушылар жасаған (құрғақ шөптерді тазалау немесе арнайы бөгеттер тұрғызу) болуы мүмкін.
Өрт 100% бақылауға алынса, ол толық қоршалып, әрі қарай тарала алмайды деген сөз.
Жұма күні Лос-Анджелестегі қатты жел басылып, жалынды ауыздықтауға өрт сөндірушілердің біраз мүмкіндігі болған. Алайда, кейін жел қайта күшейген. Синоптиктердің айтуынша, жексенбі кешінен сәрсенбіге дейін «Санта-Ана» желінің жылдамдығы сағатына 96 км-ге дейін жетеді, ал ең күшті жел сейсенбі күні болады деп болжануда.
Пасадена қаласының өрт сөндіру қызметінің басшысы Чед Огастин:
«Өкінішке қарай, бүгіннен бастап сәрсенбіге дейін қатты жел қайта басталады. Оның ең қауіпті кезеңі сейсенбі күні болады», — деді.
Сондай-ақ, ол: «Біз біраз жетістікке қол жеткіздік, бірақ өртті толық тоқтатамыз деу әлі ерте», — деп ескертті.
Калифорния өрт сөндіру қызметінің өкілі Тодд Хопкинс жексенбі күні Пасифик-Палисейдс ауданындағы өрт 90 шаршы километр аумақты шарпып, Брентвуд ауданындағы қымбат үйлерге қауіп төндіріп тұрғанын айтқан. Бұл ауданда Арнольд Шварценеггер мен Риз Уизерспунның үйлері бар. Сондай-ақ, бұрын мұнда Мэрилин Монро мен О. Джей Симпсон тұрған. Брентвудта Гетти көрме орталығы орналасқан, онда Рембрандт пен Ван Гогтың құнды туындылары сақталған.
Өрт Сан-Фернандо аңғарына да таралуы мүмкін, ол жерде 1,8 миллион адам тұрады. Лос-Анджелес шерифі Роберт Лунаның айтуынша, 105 мың тұрғынға эвакуациялау туралы бұйрық берілді, ал 87 мың адамға дайын болу ескертілді. Бұған дейін 153 мың адамға дереу эвакуация туралы хабарланған еді.
Бекболат Мұхтар