12 там, 2025 сағат 15:41

Бүкіләлемдік таеквондо федерациясы Президентке қара белбеу табыстады

Фото: Ақорда

Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бүкіләлемдік таеквондо федерациясының (WT) президенті Чунгвон Чоуды қабылдады, деп хабарлайды Ult.kz.

Кездесу барысында Президент Чунгвон Чоудың сапары Қазақстан спорт қауымдастығы үшін маңызды екенін атап өтіп, бұл қадам федерацияның елімізде таеквондоның дамуына жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін көрсетті. Мемлекет басшысы таеквондоның олимпиадалық спорт түрі ғана емес, үйлесім, тәртіп және өзара құрмет қағидаттарына негізделген философия екенін атап өтті.

Елордада өтетін G1 санатындағы Kazakhstan Open 2025 халықаралық рейтинг турнирі отандық спортшылардың кәсіби шыңдалуына, тәжірибе алмасуына және ұлттық федерацияның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жол ашатыны айтылды.

Чунгвон Чоу қазақстандық спортшылардың жетістіктеріне жоғары баға беріп, еліміздегі таеквондоға қызығушылықтың артуын құптады. Әңгіме соңында Бүкіләлемдік таеквондо федерациясының президенті Мемлекет басшысына ерекше құрмет ретінде тоғызыншы дан қара белбеуін табыстады.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев әлемде таеквондоның дамуына қосқан үлесі үшін Чунгвон Чоуды ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады. Кездесу таеквондо дәстүріне сай Президенттің арнайы тақтайды сындырып, қолтаңба қалдыруымен аяқталды.