24 қар, 2020 сағат 22:39

Бүкіл әлем түбегейлі өзгерістер дәуіріне аяқ басты - Мемлекет басшысы

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Nur Otan партиясының кезектен тыс ХХ құрылтайында сөйлеген сөзі

***

Аса мәртебелі Нұрсұлтан Әбішұлы!

Құрметті съезд делегаттары!

Партиямыздың ХХ съезі күрделі әрі маңызды кезеңде өткізіліп отыр. Бұл – мемлекетіміздің қоғамдық-саяси өміріндегі айтулы оқиға.

Бүгінде Nur Otan партиясы ел тағдырына жауапты ең басты саяси күшке айналды.

Халқымыз бізге қашанда зор сенім артады. Әсіресе, жаһандық дағдарыс кезінде ел аманатына ерекше көңіл бөлуіміз керек. 

Бүкіл әлемге тараған пандемия Қазақстанға да оңай тиген жоқ. Мемлекет азаматтардың денсаулығын қорғау үшін барлық қажетті шараны қабылдады. Партия тарапынан халыққа ұдайы қолдау көрсетіліп келеді.

Nur Otan белсенділері мен еріктілері мұқтаж жандардан көмегін аяған жоқ. Осындай нақты жұмыс пен шынайы жанашырлық береке-бірлігімізді арттыра түседі.

Қазақстан қазіргі жағдайға қарамастан, стратегиялық даму мақсаттарын дәйекті түрде жүзеге асырады. Бұл ретте, Елбасы саясатының сабақтастығын қамтамасыз ету – негізгі міндеттің бірі.

Мен биылғы Жолдауымда партияның қоғамдағы жетекші рөлі туралы айттым. Біз реформаларды жүзеге асыру барысында Nur Otan-ның  зор әлеуетіне сүйенетін боламыз. 

Құрметті делегаттар мен съезд қонақтары!

Бүгінде бүкіл әлем түбегейлі өзгерістер дәуіріне аяқ басты. Халықаралық қатынастар жүйесі барған сайын белгісіздік пен бей-берекетсіздікке белшесінен батып барады. Сенім дағдарысы туындағаны анық.

Соңғы жүз жылдықтағы аса терең рецессия әлемдік экономиканы ондаған жылға кері ығыстырып тастады. Өсімнің бұрынғы қарқыны мен орнықты дамуды қалпына келтіру үшін орасан зор күш-жігер және уақыт керек. Осының салдарынан көптеген ел қиын жағдайда қалды.

Қазақстан жеткілікті деңгейде берік негізге ие болып отыр. Өйткені, ең алдымен, біздің қаржы ресурстарына негізделген нақты даму жоспарымыз бар.

Біз жауапкершілігі мол миллиондаған азаматымыздың арқасында ішкі саяси тұрақтылықты сақтай білдік. Сондай-ақ, бизнес қоғамдастығын қолдап, мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемесін орындай алдық. Осы жолда халқымыздың дәстүрлі құндылықтары – өзара көмек, табандылық, жанашырлық шешуші рөл атқарды.

Біз пандемия кезінде азаматтарымыздың шынайы ынтымақтастығы мен жаппай жанқиярлығының куәсі болдық. «Біз біргеміз!» ұраны Қазақстан патриотизмінің формуласына айналды. Қатерлі дерт ырық бермеген қиын күндерде біз шын мәнінде бірге болдық.

Партия және оның белсенділері халықты біріктіруге орасан зор еңбек сіңірді. Нақты істер атқаратын Nur Otan партиясы өзінің іс-қимылы арқылы көшбасшылыққа лайықтылығын, Қазақстанның болашағы үшін бүкіл жауапкершілікті мойнына алуға дайын екенін көрсетті.

Осындай дағдарыс кезінде билеуші партияның, Үкімет пен бүкіл қоғамның алдында бірегей мүмкіндіктер пайда болатыны бұрыннан белгілі. Сол тарихи мүмкіндікті пайдалану үшін біз елімізге дамудың жаңа парадигмасын ұсынуымыз қажет. Бұл жерде биліктің барлық тармағы: Президент, Үкімет және заң шығарушы орган күш жұмылдыруы керек. Сондықтан алдағы сайлаудың бүкіл қоғам үшін маңызы аса жоғары.

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Бес институттық реформа мен Ұлт жоспарында белгілеген жүйелі жаңғыртуларға серпін беруіміз қажет. Осы мақсатпен біз 2025 жылға дейін «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа – лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын қабылдаймыз. Бұл – жан-жақты ойластырылған әрі нақты жүзеге асатын құжат.

Экономикадағы қиындықтарға қарамастан, Nur Otan партиясы бағдарламаны жүзеге асыру үшін Үкіметпен бірлесіп, алдағы бесжылдыққа 21 триллион теңге бөлуді жоспарлап отыр. Бағдарламада елдің әлеуметтік ілгерілеуіне және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты әрі тиімді шаралар ұсынылады.

Партия жұртшылықтан келіп түскен ұсыныс-тілектерді назарға алды. Біздің бағдарламамызды бүкіл еліміз дайындады деуге толық негіз бар. 

Құрметті партияластар, жолдастар!

Біздің бағдарламамызда негізгі төрт басымдық бар. 

БІРІНШІ – Әр азаматқа өз әлеуетін жүзеге асыру үшін тең мүмкіндік беру.

Біз әлеуметтік-экономикалық саясатта нарық тәсілдерін басшылыққа аламыз. Қаржыны және жәрдемақыны негізсіз  оңды-солды таратуды доғару қажет. Мемлекет атаулы әлеуметтік көмекті шын мәнінде мұқтаж адамдарға беру керек.

Ең бастысы – әлеуметтік әділдік. Сол себепті мұқтаж жандарға қамқорлық жасауға баса мән береміз. Әлеуметтік саясатты жүргізгенде қиындыққа тап болған азаматтарға атаулы көмек көрсету шаралары күшейтіледі.

Алдағы бес жыл ішінде әлеуметтік төлемдерді жыл сайын индекстеу үшін 3 триллион теңгеден астам қаражат бөлінеді. Ортақ зейнетақы мөлшері де жыл сайын индекстелетін болады. Бұл ретте, біз мұны инфляция деңгейіне 2 пайыз қосып жүзеге асыруды ұсынып отырмыз.

Тұрақты күтімге мұқтаж және жеке көмекші қызметін пайдаланбайтын бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың барлығына қосымша әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Осыған орай берілетін арнаулы жәрдемақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1,4 есе көбейтілген мөлшеріне тең болады.  Алдағы бес жыл ішінде біз ерекше күтімді қажетсінетін адамдарды арнаулы техникалық құралдармен қамтамасыз етеміз. Сондай-ақ оларға толықтай оңалту-сауықтыру қызметтері ұсынылады.

Бірақ, ең бастысы, әр адамға табыс табу мүмкіндігін беру керек.  Бұл ретте, біз нақты шаралар қабылдаймыз. Соның нәтижесінде, 2025 жылға қарай мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту көрсеткіші 30 пайызға жетеді.

Осындай жандардың кәсіби қызметпен айналысуымен бірге, білім алуына да жағдай жасау маңызды. Бес жыл ішінде колледждер мен жоғары оқу орындары инклюзивті білім беру жүйесімен толық қамтылады. Сонымен қатар, мектепке дейінгі барлық мекеме мен мектептерде бұл көрсеткішті кезең-кезеңмен 70 пайызға дейін жеткіземіз.

Біз тек әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарға ғана емес, халықтың өзге де топтарына қолдау көрсетеміз.

Партиялық тізімдегі 20 пайыздық квота жас көшбасшыларды қолдаудың нақты тетігіне айналды. Nur Otan-ның қатарына білімді, қайсар және жігерлі жастар қосылды.

Әйелдердің қоғамдық-саяси өмірдегі, экономиканың барлық секторындағы рөлін күшейту – әлемдік үрдіс. Қазіргі уақытта партиялық тізімнің 30 пайызы әйелдерден құралған. Бұл – әйелдер қауымы үшін мемлекет басқару ісіне атсалысуға жол ашатын нақты әлеуметтік мүмкіндік.

Партияның белсенді қатысуымен Әлеуметтік кодекс әзірленеді. Бұл мазмұны жағынан мүлде жаңа құжат болмақ. Кодексте қоғам мен мемлекет арасындағы өзара келісім орнатудың тың тәсілдері көрсетілетін болады.    

ЕКІНШІ БАСЫМДЫҚ – саламатты зияткер ұлт қалыптастыру.

Жаңа жаһандық сын-қатерлер ескеріле отырып, білім, ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларына жұмсалатын қаражат ұлғайтылатын болады. Бұл – адам капиталына, еліміздің болашағына салынатын стратегиялық инвестиция.

Денсаулық сақтау саласын қаржыландыру көлемі ішкі жалпы өнімнің 5 пайызынан кем болмайды. Жаңа эпидемияларға әрдайым дайын болу керек. Цифрландыруды, телемедицинаны, биологиялық қауіпсіздік инфрақұрылымын қамтитын Біртұтас ұлттық жүйе құру ісі аяқталады.

Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында көпбейінді екі ғылыми-инновациялық клиника салынады. Өңірлік медицинаны дамыту үшін біз еліміздің барлық облысында 20 заманауи медициналық орталық салатын боламыз. Аудандық ауруханалар мен перзентханаларды, ауылдық емдеу мекемелерін барлық қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етеміз.  

2023 жылға қарай дәрігерлердің еңбекақысы 2,5 есе өседі.

Басты мақсат – қазақстандықтардың орташа өмір сүру жасын 75-ке дейін ұзарту.

Саламатты өмір салты мен бұқаралық спортты дамыту зор маңызға ие. Сондықтан балалар мен жасөспірімдер клубтарын тек шағын және орташа қалаларда ғана емес, сондай-ақ тірек боларлық барлық ауылда ашу қажет. Сонымен қатар жаттықтырушы-оқытушылардың еңбекақысын көтеру керек. Әрбір ауылдық округте спорт жөніндегі нұсқаушы лауазымын енгізген жөн. 

Құрметті съезге қатысушылар!

Еліміз бәсекеге қабілетті болу үшін білім және мәдениет саласын өркендетуге, жастарды қолдауға баса мән беруіміз керек.

Бүкіл Қазақстан бойынша 800 жаңа мектеп салынады. Соның арқасында біз апатты және үш ауысыммен оқытатын мектептердің мәселесін толық шешеміз. Барлық мектеп интернетпен, компьютермен және пәндік кабинеттермен қамтамасыз етіледі.

Ауыл мектептерінің дамуына ерекше көңіл бөлінеді. Шағын қалалар мен аудан орталықтарында, ауылдық жерлерде орналасқан 5 мыңнан астам мектеп жаңғыртылуы керек. Педагог мамандарға сұранысты арттырып, білім сапасын жақсарту мақсатында олардың жалақысы 2 есе көбейеді.  

Жаһандық білім және инновациялық жүйеге енген заманауи зерттеу университеттері білім экономикасының негізін құрауға тиіс. Назарбаев Университетінің тәжірибесі бойынша тағы да кем дегенде 2 озық өңірлік жоғары оқу орны ашылады. 2025 жылға қарай жоғары білім алу үшін бөлінетін гранттың саны 50 пайызға артады. Бұл – 75 мың жас азаматымыз жоғары білімді тегін алады деген сөз. 

Біз студенттерге материалдық қолдау көрсету ісін жалғастыра береміз. Студенттердің стипендиясы 2 есеге, магистранттар мен докторанттардың стипендиясы 1,5 есеге көбейеді. 2025 жылға қарай колледждер мен университеттер жатақханаларындағы орындар саны кем дегенде 50 мыңға артады.

«Алғашқы жұмыс орны» жобасы іске қосылады. Бұл жоба жылына 5 мың адамды қамтитын болады. Бизнес саласындағы келешегі зор идеяларды жүзеге асыру үшін жас кәсіпкерлерге жыл сайын 10 мың грант ұсынылады. 

Жұмыс істеп жүрген жастарға жылына 3 мың жалдамалы пәтер беріледі. Біз  жастар ұйымдары мен Еріктілер қозғалысының жобаларын қаржыландыру көлемін 1,5 есеге арттыруға әзірміз. Осындай қолдау шаралары оқымайтын және жұмыс істемейтін жастардың санын 2025 жылға қарай 100 мың адамға азайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, балаларға қосымша білім беру, бос уақытты тиімді пайдалану, шығармашылық қабілетті дамыту мәселелері шешімін табады. Барлық мектепте спортпен және шығармашылықпен айналысуға жағдай жасалады. 3 – 6 жас аралығындағы балалар мектепке дейінгі біліммен толық қамтылуға тиіс. Осы ретте, тұрғылықты жеріне қарамастан баланың бәріне бірдей көңіл бөлінеді.

Біз «Рухани жаңғыру» бағдарламасын белсенді түрде жүзеге асыра береміз. Бұл аса маңызды құжат ұрпақтың санасын серпілтіп, ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруға арқау болады.

Бұдан бөлек, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын одан әрі кеңейтуге күш жұмылдырамыз.  Ана тілімізді ардақтамасақ – елдігімізге сын.

Кез келген шаруашылық қызметімен айналысқан жағдайда табиғатты сақтау және оны қорғау міндеті басты қағидаттың біріне айналады. Жаңа Экологиялық кодекс және «Жасыл өсім» тұжырымдамасы қабылданады.

Біз прагматизм құндылықтарын, үнемділік, қанағатшылдық және ұстамдылық мәдениетін орнықтыруымыз керек.

ҮШІНШІ БАСЫМДЫҚ – экономика мен өңірлердің орнықты дамуы.

Әлемдік экономиканың ұзақ мерзімді дағдарысқа тап болып отырғаны анық. Әрине, Қазақстан да бұдан едәуір қысым көретіні белгілі. Дегенмен, дағдарыс – жаңа экономикалық модель құру үшін жүйелі реформалар жүргізудің мүмкіндігі.

Бүкіл әлемдік экономика ғылымы мен саналы саясаткерлер адамзат тарихында бұрын-соңды болып көрмеген жаһандық дағдарыс жағдайында мемлекеттің экономикалық үдерістерді басқарудағы рөлі шын мәнінде артады деген қорытындыға келіп отыр. Қалай дегенде де, осылай болуға тиіс.

Үкіметтердің басты міндеті – өз мемлекеті азаматтарының тұрмыс сапасын лайықты қамтамасыз ету. Біздің Үкімет осы іргелі мақсатқа қол жеткізуді көздеп отыр.

Экономикалық өсімге қол жеткізу үшін негізінен мынадай мәселелерге баса мән беріледі:

– қатаң, бірақ теңгерімді макроэкономикалық саясат;

– жеке секторды қолдау;

– азаматтар алдындағы әлеуметтік міндеттемелерді орындау.

Мұндай стратегия бюджет шығындарын қатаң бақылауға алуға, тиімсіз жеңілдіктер мен субсидияларды алып тастауға, төмен инфляцияны сақтауға және теңгенің еркін бағамын ұстануға негізделеді.

Фискальді салада бюджет шығындары оңтайландырылады, мұнай тапшылығы қысқарады, ұлт байлығын әділетті бөлу қамтамасыз етіледі. Ақша-несие саясаты жалпыұлттық әлеуметтік-экономикалық басымдықтар тұрғысынан жүзеге асырылады. Нәтижесінде бюджеттің мұнайдан тыс бөлігінің тапшылығы 2025 жылға қарай, Үкіметтің есебі бойынша – 6 пайызды, ал жалпы тапшылық 3 пайыздан аспайтын көлемді құрайтын болады.

Үш жыл ішінде инфляция 4 пайызға, тіпті бұл көрсеткіштен де төмен деңгейге дейін азаюы ықтимал. Индустрияландырудың белсенді жүргізілуі өңдеуші өнеркәсіптегі өндіріс көлемін 1,5 есе ұлғайтуға жол ашады.  

Біз үшін жаңа бағыттар – IT саласы мен туризмге шын мәнінде басымдық беру керек. Осы екі сала бойынша 300 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады.

Мәліметтерді өңдеу мен сақтау саласына салынатын инвестициялар 6 есе ұлғаяды. Біз Қазақстанның экспортын да белсенді түрде ілгерілететін боламыз. Мақсатымыз – шикізаттық емес экспорт көлемін 2 есе, яғни жылына 40 миллиард долларға дейін ұлғайту. Аграрлық сектор да зор әлеуетке ие. Саланы дамытудың жаңа моделіне қарай қадам басу керек. Барлық қаржылық және қаржылық емес қолдау тетіктерін стратегиялық міндеттерді шешуге бағыттап, толығымен цифрландыру қажет.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін және өңдейтін 7 ірі экожүйе құрылатын болады. Бұған 350 мың фермерлік және үй шаруашылықтары жұмылдырылады. Бұл дегеніміз – ауылдықтар үшін жаңа жұмыс орындары әрі тұрақты табыс көзі.  

600 мың гектардан астам жаңа суармалы жерлерді игеру жөнінде шаралар қабылдаған жөн.

2025 жылға қарай ауыл шаруашылығының жиынтық өнімінің көлемі үштен біріндей мөлшерге, ал экспорт көлемі 2 есеге дейін ұлғаяды.

Кәсіпкерлікті қолдау аясында бәсекелестікті дамытуға, заң үстемдігін нығайту мен сот жүйесін жаңғыртуға айрықша назар аударылады. Бұл – негізгі бағыттар. Онсыз тиімді нарықтық экономиканы құру мүмкін емес.

Қазақстан бизнес жүргізу үшін қолайлы шарттар жасалған, мейлінше дамыған елдер қатарына қосылуға тиіс. Бизнеске жасалған кез келген заңсыз кедергі ауыр қылмыс ретінде қарастырылатын болады.

Тікелей шетелдік инвестиция көлемін жылына 30 миллиард долларға жеткізуді де жоспарлап отырмыз.

Шағын және орта бизнеске жан-жақты қолдау көрсетіледі. 2025 жылға қарай шағын және орта бизнес 4 миллион қазақстандықты жұмыспен қамтып, ішкі жалпы өнімнің 35 пайызын өндіреді. 50 мың азаматымыз, ең алдымен, ауыл тұрғындары, өз бизнесін ашу үшін шағын несие алады. Жоспарланған экономикалық бағдарды жүзеге асыру 2025 жылға қарай жыл сайынғы өсім қарқынын  5 пайыздан жоғары деңгейде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Өңірлердегі тұрмыс сапасын жақсарту басты назарымызда болады. Жаңа өңірлік стандарттарға сәйкес 3,5 мыңнан астам ауыл жаңғыртылатын болады. Барлық қалалар мен ауылдар сумен қамтамасыз етіледі.  246 ірі елді мекенге газ тартылады.  Мұндай елді мекендерде 900 мың адам тұрады.  Олардың  350 мыңнан астамы – Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Жезқазған және Теміртау қалаларының тұрғындары.

53 тазалау қондырғысын орнату және жаңғырту арқылы еліміздің барлық өңіріндегі ағын суды тазартуға мүмкіндік туады. Бұл – осы саладағы түйткілді мәселенің ұтымды шешімі болмақ.

Жол құрылысы қолға алынады. Әр ауылға дейінгі барлық жолдар, яғни 27 мың шақырым жол жөндеуден өткізіледі.

Облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалалар жылдамдығы жоғары 5G интернетімен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, ауылдардың 99 пайызы осындай мүмкіндікке ие болады.

Ауылдық жерлерге қажет мамандарды, дәрігерлерді, мұғалімдерді тартуға назар аударылады. Оларға үй салу үшін жылына 22 мың жер телімі бөлінеді. Облыс орталықтарында және шағын қалаларда жылына
25 мың жер телімі беріледі. Жалпы алғанда, алдағы бес жылда шамамен бір миллион отбасы үшін 100 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынады.  Соның ішінде 300 мыңға жуық  пәтерді әлеуметтік тұрғын үй ретінде жеңілдікпен пайдалануға болады. 

Шөл дала мәселесін, Семей ядролық полигоны, «Байқоңыр» космодромы төңірегіндегі экологиялық түйткілдерді шешу жұмыстары жалғасын табады.

Аралдың солтүстік бөлігін қалпына келтіру және Жайық өзені алабының экологиялық жүйесін сауықтыру жөнінде шаралар қабылданады. 

ТӨРТІНШІ БАСЫМДЫҚ – есеп беретін, «халық үніне құлақ асатын» мемлекет және жауапты азаматтар.

Мемлекет пен қоғамның өзара сенім мен жауапкершілік қағидаттарына негізделген өзара іс-қимылынсыз елдің жүйелі және тұрақты дамуы мүмкін емес.

Ел үшін күрделі уақытта партия халыққа етене жақындай түседі. Біздің міндетіміз – азаматтардың өзін және ұрпақтарын лайықты тұрмыспен қамтамасыз етсем деген әділ әрі орынды тілегімен ұштасып жатқан ниеттестік пен іс-қимыл бірлігіне қол жеткізу. Тағы да атап өтейін, біздің жұмысымыздағы басты бағдар – жұртшылықтың талап-тілектері мен мұң-мұқтаждықтары. Мемлекет халықтың үні мен пікіріне құлақ асуға міндетті. Парламент пен халыққа есеп беретін Үкімет дәл осы бағытта жұмыс істейтін болады. Бұл үшін біздер, партияластар, қоғамымызды толғандыратын барлық мәселені жақсы білуге, оның жылдам әрі тиімді шешімін табуға тиіспіз.

Партия жұмысының тиімді іс-қимыл коэфициенті азаматтарымыздың тұрмысын жақсартатын тәжірибелік шешімдерге байланысты болады. Бос сөз бен құр уәде емес, нақты іс қана халық сенімі мен саяси көшбасшылық үшін күрестегі ең мықты аргумент бола алады. Сондықтан, партия мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртумен тікелей айналысады. Бұл – стратегиялық сипаты бар міндет.

Біздің негізгі басымдығымыз – сыбайлас жемқорлықпен күрес. Бұл – науқаншылдық емес, салмақты, жүйелі жұмыс. Мемлекеттік органдардың қызметі ашық әрі жұртшылықтың ұдайы бақылауында болуға тиіс.

Волонтерлікті және үкіметтік емес секторды жан-жақты қолдау – елді орнықты дамытудың кепілі. Қоғам мен азаматтық сектор мемлекет қызметінің барлық маңызды мәселелері бойынша шешім қабылдау үдерісіне толыққанды атсалысуға тиіс.

Сонымен қатар партия Жергілікті өзін-өзі басқару тұжырымдамасын белсенді ілгерілететін болады. Бұл құжатта ауыл әкімдерін сайлау, «халық атсалысатын» бюджетті реттеу, жергілікті билік органдарына азаматтық бақылау жүргізу мәселелері қамтылады.

Әлбетте, жергілікті өзін-өзі басқару реформасы осымен тоқтап қалмайды. Партия пайдалы нәтижелерге қол жеткізуіне қарай осы саладағы тиімді құрылымдарды одан әрі ілгерілетумен айналысады. 

Қымбатты партияластар!

Көптеген маңызды бастамалар мен партия жоспарлаған өзгерістер Елбасының бағдарламалық тұрғыда сөйлеген сөздерінде және менің Қазақстан халқына Жолдауларымда көрініс тапқан. Партиямыздың негізін қалаған Қазақстанның Тұңғыш Президенті стратегиясының сабақтастығын сақтай отырып, біз халықтың тұрмысын жақсартуға және мемлекеттің әлеуетін күшейтуге бағытталған барлық жоспарды нақты іске асыруға ниеттіміз.  

Саясаттың сабақтастығы дегеніміз жауапкершілік, ұйымшылдық, еңбек ұғымдарымен өзектес екенін қаперде ұстаған жөн. Жауапсыз сөзуар-саясаткерлер өз мемлекеттерінің қауіпсіздігіне қатер төндіріп, барлық игіліктен оп-оңай бас тартады. Ал Брест бітімінен бастап, Кавказдағы соңғы оқиғаларға дейінгі жаңа тарихтан білетініміз – саяси катаклизмдер мен қақтығыстар территориядан да айырылуға әкеп соқтыруы мүмкін.

Nur Otan партиясы – ізгі ниетке негізделген нақты істер партиясы. Қазақстанның жарқын болашағы үшін зор жауапкершілік бізге жүктелген. Отанымыздың тағдыры партияның стратегиясын қолдайтын белсенді мүшелерінің, шынайы патриоттардың қолында.

Еліміздің алдында тұрған жаңа жаһандық сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлер бар күш-жігерімізді біріктіруді талап етеді. Ол үшін бүкіл қоғамның ортақ іске жұмылуы қажет. Барлық мақсатымызға тек бірлік мен келісім арқылы жете аламыз. Сондықтан елімізде саяси диалог мәдениетін жүйелі түрде дамыту маңызды.

Nur Otan тұтас ұлтты біріктіретін бастамаларды ұсынып отыр. Алдағы уақытта да солай болады. Партия заң үстемдігі қағидатын кеңінен енгізеді. Тиісті заңдылық, содан туындайтын тәртіп пен үйлесім болмаса, қоғамда ілгерілеуге қол жеткізу мүмкін емес. Бұл – әлемдік тәжірибеде әлдеқашан орныққан аксиома.

Біздің бағдарлама дамыған азаматтық қоғам мен экономикалық тұрғыдан кемелденген мемлекет құруды көздейді. Біз басқарушы партия мәртебесіне ие болудың мәні билік өкілеттіктеріне қол жеткізу емес, ел-жұртқа нақты пайда әкелуге мүмкіндік алу екенін әрдайым есте сақтауға тиіспіз.

Партия мүшелері, әсіресе, мемлекеттік басқару жүйесіндегі жоғары лауазымда отырған азаматтар, шынайы еңбекқорлықтың, саяси жауапкершіліктің, азаматтық патриотизмнің озық үлгісін көрсетуі керек. Партияластарымыздың болашақта да дәл осы ұстанымға сай болатынына  күмәнім жоқ.

Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!

Құрметті съезге қатысушылар!

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауымен басталмақ. Мұның символдық мәні зор. Бұл дода барлық мерейтойлық іс-шараларға идеологиялық және мазмұндық тұрғыдан тың серпін беретіні анық. Алдағы сайлау қоғамның біртұтастығын және береке-бірлігімізді бекемдей түседі деп сенемін. Бұл науқанның ашық, әділ әрі заңды өтуі үшін барлық жағдайды жасаймыз. Мен, Мемлекет басшысы ретінде, мұны жіті қадағалаймын.  Осыған орай Орталық сайлау комиссиясына және Бас прокуратураға нақты тапсырма бердім.

Барша сайлаушыларды азаматтық белсенділік танытып, сайлауға қатысуға шақырамын. Еліміздің игілігі және мемлекетіміздің мүддесі жолында табысқа бірге жете берейік!

Отанымыз мәңгі жасасын! 

Халқымыз әрқашанда аман болсын!