1991 жылғы 1 желтоқсанда бүкілхалықтық сайлау нәтижесінде еліміз өзінің тұңғыш Президентін сайлады және осы күннен тәуелсіздік тарихы басталды.
Тарихи сайлау бір күнде, бір ғана сәтте бола салған жоқ. Алдымен 1991 жылдың 16 қазанында Жоғарғы Кеңес «Қазақ ССР Президентін сайлау туралы» заңды қабылдады. Осы заңмен бірге 1991 жылдың 1 желтоқсанын Қазақ ССР Президентін сайлау күні ретіндей белгілеген қаулы да шықты. Осылайша Қазақстан тарихында тұңғыш рет Республика басшысын жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы таңдауға жағдай жасалды.
Ал 1 желтоқсан күні - ел тарихындағы тұңғыш жалпыхалықтық сайлауға қатысқан халықтың 98,78 пайызы Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс беріп, Мемлекет басшысы ретінде таңдалды. 5 желтоқсан күні Орталық сайлау комиссиясы сайлаудың соңғы қорытындысын жария етті. Ол бойынша республикадағы 21 сайлау округіндегі сайлаушылар тізіміне 9 961 242 азамат енгізілген. Оның ішінде сайлауға 8 788 726 адам немесе 88,23% қатысты. Сайлау нәтижесі бойынша Нұрсұлтан Назарбаевты қолдап сайлаушылардың 8 681 276-і дауыс берген, бұл - сайлауға қатысушылардың 98,78 пайызы . Осылайша, Нұрсұлтан Назарбаев барша халық сайлаған Қазақстанның Президенті мандатын тұңғыш рет иеленді.
2011 жылғы 14 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды, онда 1 желтоқсанда атап өтілетін жаңа мемлекеттік мереке - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін белгілеу көзделген болатын.