Фото: pixabay.com
Бүгін – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау және Экологтар күні. 1972 жылы дәл осы күні Біріккен Ұлттар Ұйымының қоршаған ортаны қорғау мәселесі бойынша Стокгольм конференциясы басталды. Сол себепті 5 маусым Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау және Экологтар күні деп таңдалған. Осы орайда Ult.kz тілшісі еліміздің экологиясы туралы анықтап көрді.
Мамандар марапатталды
Биыл елімізде экологтар күні алғаш рет кеңінен аталып өтіп жатыр. Қазақстан бойынша 50-ден астам ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылмақ. Бұл экосағаттар, көрмелер, пленэр мастер-класстар, сенбіліктер, сурет байқаулары, саябақтар мен скверлердің ашылуы және т. б. Кәсіби мереке күні Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев саланың ардагерлері мен үздік қызметкерлеріне ведомстволық наградалар, құрмет грамоталары, сондай-ақ алғыс хаттар табыс етті. Мапаратталғандардың қатарында 8 жыл экология саласында еңбек еткен Ережеп Әмзин де бар. Ол өз қуанышын бөлісі, саланың дами беруіне сенетінін айтты.
«20 жылға жуық еңбек еттім осы экология саласында, инспекция, лабороторияда істедім. Сол екі салада еңбек демалысына лабороториядан шықтым, зертханадан. Еңбегімізді елеп, еңбек ардагері медалін беріп жатқанына көптен көп рақмет», – деді «Еңбек ардагері» медалінің иегері Ережеп Әмзин.
Жасыл экономикаға қадам
Жуырда Сенатта Үкімет сағаты «Жасыл» инвестициялар тартуды және қолжетімді үздік техниканы кеңінен қолдануды мемлекеттің көтермелеуі мен ынталандыруы бөлігінде Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексі нормаларының іске асырылуы туралы тақырыбына арналды.
Үкімет сағаты барысында Сенат Төрағасының орынбасары Жақып Асанов бүгінгі таңда Қазақстан алдында тұрған ауқымды әрі кешенді міндет – негізгі өнеркәсіп салаларында ең үздік қолжетімді технологияларды енгізудің толыққанды жүйесін қалыптастыру екенін атап өтті.
«Экологиялық басымдықтарды өңірлердің даму стратегияларына жай ғана декларативті түрде емес, нақты инфрақұрылымдық жобалар, экологиялық қауіп-қатерлердің егжей-тегжейлі карталарын әзірлеу, сондай-ақ әр өңірдегі «жасыл» бастамалардың ашық және қолжетімді тізілімдері арқылы енгізу қажет. Бұл ретте білікті кадрлар – экологиялық өзгерістерді жергілікті жерлерде жүзеге асыра алатын «жасыл» менеджерлер даярлаудың маңызы зор. Сонымен қатар ЖОО-лар мен колледждердегі мамандар даярлау бағдарламаларына экологиялық пәндер мен модульдерді енгізуді, халық пен бизнестің экологиялық сауаттылығын арттыруды, осы саладағы ғылыми-техникалық жаңалықтарды ынталандыруды күшейту қажет», – деді Вице-Спикер Жақып Асанов.
Үкімет сағаты барысында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев баяндама жасап, сенаторларға еліміздің өңірлерінде экологиялық бастамалардың қазіргі жай-күйі мен даму перспективалары туралы мәлімет берді.
«Ірі ұлттық компаниялардың озық экологиялық стандарттарды енгізу және өндірістерді жаңғырту маңызды. Сондай-ақ энергетика, мұнай-газ, химия, металлургия және басқа да ең ірі әрі энергияны көп қажет ететін салаларға арналған ең үздік қолжетімді технологиялар бойынша 20 анықтамалық әзірлеу жұмысына ерекше назар аударылды. Жасыл климаттық қор үшін кең ауқымды бағыттарды қамтитын Елдік бағдарламасы әзірленіп жатыр», – дейді Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.
Экологиялық партия не істейді?
Қазақстанда «Байтақ» жасылдар партиясы 2022 жылы құрылған. Партияның негізін қалаушы әрі жетекшісі – Азаматхан Әміртай. «Байтақ» партиясы қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәселелерді шешу, әлеуметтік әділеттілік және халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытында жұмыс істейді. Партия «Таза ауа, таза су, таза жер — таза адами қарым-қатынас!» сөзін ұран етеді.
«Қазақстаннның «Байтақ» жасылдар партиясы – жай ғана партия емес, бұл – жаңа қоғамдық сана мен болашақтың идеясы. Біздің негізгі идеологиямыз – адам мен табиғат арасындағы үйлесімділікті қайта қалпына келтіру. Біз экологияны тек қоршаған орта туралы ғылым немесе ауаның тазалығы деп емес, елдің экономикалық, әлеуметтік және рухани жаңғыруының өзегі деп түсінеміз. Бүгінде Қазақстанда табиғат та, адам да күйзеліске түскен. Әр өңірде экологиялық проблемалар – жердің тозуы, судың ластануы, ауаның улануы – халық денсаулығына, ұлттың болашағына қауіп төндіріп отыр. Біз осы мәселелерді жүйелі түрде шешу үшін Жаңа экологиялық идеологияны ұсынып отырмыз. Бұл – адамның өмір сүру сапасын арттыруға, денсаулығын қорғауға, табиғи байлықты сақтап, ұрпаққа аманат етуге бағытталған саясат», – деді Азаматхан Әміртай.
Оның сөзінше, Қазақстанның экологиялық мәселелері – бұл тек табиғаттың ғана емес, адамның денсаулығы мен өмір сапасының мәселесі. Айтуынша, Қарағанды, Өскемен, Шымкент, Теміртау, Жезқазған сияқты өнеркәсіптік қалаларда тұрғындар сөзбе-сөз улануда. Ауадағы зиянды заттар шекті мөлшерден бірнеше есе асып кетеді. Соның салдарынан онкологиялық, жүрек-қан тамырлары және тыныс алу аурулары күрт өсіп отыр. Сонымен қатар, удың тапшылығы мен ластануы, өндірістік және тұрмыстық қалдықтардың жыл сайын артуы, жердің тозуы мен шөлейттенуі және радиациялық мұра – Семей полигоны, Азғыр мен Капустин яр полигондары, Сарышаған сынақ полигоны және Байқоңыр ғарыш айлағының қалдықтары да ең өзекті мәселе болып қалып отыр.
Ақбота Мұсабекқызы
