05 қыр, 2025 сағат 11:15

Бүгін – ақын, журналист, қоғам қайраткері Жеңіс Ароновтың туғанына 80 жыл

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Бүгін – ақын, журналист, қоғам қайраткері Жеңіс Ароновтың туғанына 80 жыл, деп хабарлайды Ult.kz.

Жеңіс Аронов 1945 жылы 5 қыркүйекте Исатай ауданындағы Забурунье ауылында дүниеге келген.

Ол Оралдағы А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институтты тәмамдап, еңбек жолын ұстаздықтан бастаған. Кейін мектеп директорының орынбасары, аудандық партия комитетінің хатшысы, облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы сынды жауапты қызметтер атқарды.

Аронов мемлекеттік тілдің дамуына, баспасөз бен мәдениет саласының өркендеуіне үлес қосты. «Атырау-Жарық», «АМӨЗ», «Қазақтелеком» кәсіпорындарында мемлекеттік тілді енгізу жұмыстарына бастамашы болды.

Ол Қазақстан Журналистер одағы мен Жазушылар одағының мүшесі. «Жайықтың жайсаң самалы» (2000), «Нұрсәуле» (2003), «Доссор түлектері» (2005), «Айналайын, Атамекен» (2010) сынды кітаптардың авторы.

Сонымен қатар аймақтың тарихы мен тұлғалары жайлы еңбектер жазып, жас ақын-жазушылардың шығармаларының жарық көруіне қолдау көрсетті.

Жеңіс Аронов 1995 жылы облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, 2004 жылы «Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері» атағымен, 2012 жылы Президенттің Құрмет грамотасымен марапатталған.