Жазушы, публицист, қоғам қайраткері, Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Әбдіжәміл Нұрпейісов бүгін 95 жасқа толды, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Әбдіжәміл Кәрімұлы 1924 жылдың 22 қазанында Қызылорда облысының Арал ауданы Құланды поселкесіндегі Үшкөң ауылында дүниеге келген. Ол - қазақ әдебиетіне зор үлес қосқан суреткерлердің бірі, қоғам қайраткері.
1942 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін әскерге шақырылып, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Қысқа мерзімді курстарды бітіргеннен кейін Оңтүстік және Прибалтика майданында, Луганск түбінде миномёт ротасында саяси қызметкер боп, кейін штабист ретінде Балтық маңындағы Курляндия плацдармындағы шайқастарда болған. Жазушы естелік кітабында өзі туралы «1943 жылдың наурыз айында лейтенант болдым. Әуелі ұшқыштар курсын оқыттым. Курс маған қиын тиді. Әуеге көтерілген кезде де, ұшақты қондыру да маған қиынға соғатын», дейді.
Жазушы 1946 жылы армия қатарында жүріп-ақ «Курляндия» романын жазуға кіріскен. Еңбегін бітіріп баспаға берген соң, бір жыл Қазақ мемлекеттік университетінде оқыған. 1954 жылы Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтына түсіп, оны 1956 жылы бітірді. Тырнақалды кітабы үшін Жамбыл атындағы республикалық сыйлықтың иегері атанды. Проза саласында үзбей еңбектенуімен қатар, өткір сынымен, публицистикалық мақалаларымен де көзге түсті. 1962-1964 жылдары «Жұлдыз» журналының бас редакторы болып қызмет етсе, кейінірек Қазақ ССР-і Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. 1964 жылдан бері ұзақ жылдар бойы бірыңғай шығармашылық қызметпен шұғылданып, нарық заманында халықаралық ПЕН клубын ұйымдастырып, оның президенті қызметін де атқарды.
1974 жылы КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, 2001 жылы Мәскеудегі Халықаралық Әдеби қордың «За честь и достойнство», 2003 жылы Халықаралық М.Шолохов атындағы сыйлықтардың лауреаты атанған. Қызыл Жұлдыз, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған. XX ғасыр қазақ әдебиетіне мол үлес қосқан суреткерлердің бірі – Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясы, басқа да шығармалары отыз шақты шетел тіліне аударылып, ұлттық әдебиетімізді дүниежүзіне танытып, әлем әдебиетшілері қасқа-жайсаңдарының үздік бағасына ие болды.
«Қан мен тер» трилогиясы, «Соңғы парыз» дилогиясы Ә.Нұрпейісовтің ғана емес, күллі қазақ әдебиетінің табысы. «Қан мен тер» трилогиясы орыс, француз, испан, чех, румын және түрік тілдеріне аударылған. Осы роман бойынша жасалған инсценировкасы М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрының репертуарынан тұрақты орын алып, экранға шығарылған. Таңдамалы әдеби-сын мақалалары «Толғау» (кейіннен «Жүрегі толы жыр еді») деген атпен қазақ және орыс тілдерінде жеке кітап болып шыққан. 1985 жылы «Ақбидай туралы аңыз» атты очерктер жинағы жарық көрген. А.Чеховтың, М.Горькийдің, Назым Хикметтің, испан жазушысы А.Кэсоның шығармаларын қазақ тіліне аударған.
Жазушының ерен еңбегі елдің, мемлекеттің жоғары бағасына ие болды. Жазушы ретінде «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», Қазақстан мемлекетінің «Отан» орденімен марапатталған. Ол – СССР Мемлекеттік сыйлығының иегері. Бұл мәртебелі сыйлықты жазушылардан Қазақстанда үш қаламгер - Мұхтар Әуезов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Жұбан Молдағалиев қана алғанын айта кету керек.