30 қыр, 2025 сағат 15:32

"Бриллиант әшекей, автокөлік" – Жанкүйерлер "Қайрат" "Реал Мадридті" ұтса сыйлық тарататындарын айтып жатыр


Коллаж Спорт Шрёдингера сайтынан алынды

Әлеуметтік желіде қазақстандық "Қайрат" командасының жанкүйерлері бүгін, 30 қыркүйекте өтетін  "Қайрат" және "Реал Мадрид" футбол командалары арасындағы кездесуде "Қайрат" жеңетін болса түрлі сыйлықтар тарататындарын айтып жатыр. Бұл туралы Ult.kz хабарлайды. 

Солардың бір тобы ruslan_kuliman парақшасына жазған. Олардың арасында ақшалай сыйлықтан бастап, ұялы телефон, азық-түлік, киім-кешек, кітап және басқа да сыйлықтар тарататындар бар екен. 

Мәрт жандардың арасында "Қайрат" жеңсе, 1 адамға 1 айға жететін азық-түлік әперемін", "қолдың шұжығын сыйлаймын", "бәліш пісіріп беремін", "шай сыйлаймын" - деп жатқандар бар.



Сонымен қатар олардың ішінде жанкүйерлерді ірі сыйлықпен қуантқысы келгендер де табылды. Желі қолданушылардың бірі: "Кореядан бір автокөлік жіберемін", - десе, тағы бірі: "Алла қаласа Қайрат жеңсе осы жерде отырған 4 қыз келіншектерге бриллиант жемчуг наборын сыйлаймын. Сөз беремін", - деп уәде етті.





Жанкүйерлердің арасында өзіне уәде беріп жатқандар да болды. Мысалы желі қолданушылардың бірі бүгінгі матчта "Қайрат" жеңіске жетсе өз несиесін мерзімінен бұрын жабамын деп отыр. Тағы бірі бір тәулікте 100 мың қадам жасауға, енді бірі жүгіруді бастауға бекінген, ал ай-күні жақындаған әйел босануды ниет еткен, сондай-ақ тіпті тұрмысқа шығуға да сөз бергендер бар екен.




Олардың арасында атпен серуендеуге, 10 адамға қонақүйде демалуға, 10 адамға СПА салонға, моншаға сертификат сыйлағысы келетіндер де бар. 

Тіпті киім-кешек те тегін таратуға уәде еткендер кездесті. 





Еске салсақ, "Қайрат" футбол командасы алдағы ойында "Реал Мадридті" жеңетін болса сыйлық сыйлаймын деп алғаш мәлімдеген белгілі кәсіпкер Тұрсын Алагөзов болатын. Ол "Қайраттың" әрбір ойыншысына бір-бір автокөліктен сыйға тартатынын айтқан еді. Ал кәсіпкердің жұбайы, танымал продюссер Баян Алагөзова өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында ол көліктерді көрсеткен болатын. Бейнежазбаға қарағанда ойыншыларға тарту етілуі мүмкін автокөліктер Hyundai Sonata маркасындағы көліктер.

 Айта кетейік, "Қайрат" және "Реал Мадрид" футбол командалары арасындағы ойын бүгін, яғни 30 қыркүйекте Алматының Орталық стадионында сағат кешкі 21:45-те өтеді.


Оқи отырыңыз: «Қайрат» пен «Реал» футбол матчы қарсаңында Алматыда бірнеше көше жабылады