Әлемдік биржада Brent маркалы мұнайдың бағасы 6 наурыздан бері бірінші рет 43 доллардан асты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Биылғы тамыз айында жеткізілетін Brent маркалы мұнай фьючерстерінің бағасы Лондонның ICE биржасында 1,7% өсіп, баррелі 43,02 долларға жетті. Сауда алаңының соңғы мәліметтерінде осылай делінген.
Мұнайдың бұл түрінің құны соңғы рет 6 наурызда 43 доллардан жоғары болған еді. Одан кейін күрт құлдырап кетті.
Ал WTI маркалы мұнайдың баррелі 40,22 доллар деңгейінде тұр. Бұл - өткен сауда кезіндегі бағадан 1,7 пайыз жоғары.
ОПЕК+ министрлері 6 маусымдағы кеңесте тағы бір ай бойы, яғни шілденің соңына дейін мұнай өндіруді азайту жөнінде келіскен болатын. Бұл - мұнай өндірісі тарихындағы ең ауқымды төмендету болып отыр.