16-18 желтоқсаны аралығында Босния және Герцеговинада ҚР Тәуелсіздігі күніне арналған іс-шаралар өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" СІМ сілтеме жасап.
Белгілі босниялық мүсінші, Босния мен Герцеговина Жоғары қолданбалы өнер мектебінің профессоры Стиепо Гаврич жасаған қазақтың ұлы ақыны және ойшылы Абайдың бюсті «Сараево ескі қаласы» тарихи ауданында орнатылды.
Ескерткіш Меляцка өзенінің жағасында, сәулет өнерінің шедеврлерінің ортасында – 1891 жылғы мэрия, XVI ғасырдағы Хаджия мешіті, Ұлттық кітапхана және Босния астанасының басқа да көрікті жерлерінің қасында орналасқан.
Сараеводағы мәдени акция аясында, Абайдың таңдамалы шығармалар жинағының, сондай-ақ Жақыпбек Алтаевтың «Әл-Фараби - Шығыстан шыққан ұлы ойшыл» кітабының тұсаукесері алғаш рет ҚР Құрметті консулдығы мен «Бүркіт» іскерлік ынтымақтастық Қауымдастығының көмегімен босния тіліне аударылып басылды.
«Сараево ескі қаласы» муниципалитетінің мэрі Ибрагим Хаджибайричпен кездесу барысында Қазақстан Елшісі Төлежан Барлыбаев қала билігіне оның туғанына 175 жыл толуына орай Абай бюстінің орнатылуына ықпал еткені үшін зор ризашылығын білдіріп, қазақ ақыны мен ойшылының әлемдік рухани және мәдени мұраға қосқан зор үлесін атап өтті. Сараево ескі қаласында 2021 жылы Қазақ мәдени орталығын ашу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Дипломат сонымен қатар Сараевода Абай ескерткішін орнату идеясын жүзеге асырғаны және оның таңдамалы шығармаларының жинағын шығарғаны үшін Босния мен Герцеговинадағы ҚР Құрметті консулы Амел Диздаревичке және «Беркут» Босния іскерлік ынтымақтастық қауымдастығының белсенділеріне ерекше алғысын білдірді.