видеодан алынған кадр
"Өзенмұнайгаз" АҚ бас ғимаратында өткен "Өзенмұнайгаз мұнайшыларының жергілікті кәсіподағы" ҚБ мүшелерімен кездесуде компания басшысы Нұрдәулет Қилыбайдың ұжымға ауызбіршілік, өзара бөлінбеу туралы айтқан видеосы әлеуметтік желіде тарап, қызу талқыға түсті, - деп хабарлайды Massaget.kz.
"Жалпы, әңгіме басталды ғой. Мен де айтайыншы. Үш-төрт ай болды келгеніме. Менің де ішіме толып қалды көп нәрсе. Ауызбен емес, жүрекпен сөйлесейік, ақиқат керек қой - ақиқатты айтайық. Шындарыңызды айтыңыздаршы, "Өзенмұнайгаз" айрандай ұйып отыруы керек тым жақсы мекеме. Ауызбіршілік бар ма? Кім айта алады бар деп? Сен сырттан келдің деп шеттетесіңдер мені. Негізі мына жерде өз араларыңыздан жігіттер отырар еді, егер ауызбіршіліктеріңіз болса. Ауызбіршілік жоқ, сырттан мен келіп отырмын. Өкінішті нәрсе. Сырттан келіп, мұнай саласын басқарып отырғаным маған да өкінішті. Оған кім кінәлі? Жігіттер ренжімеңіздер, өздеріңіз кінәлісіздер. Себебі ауызбіршіліктеріңіз жоқ", - дейді Нұрдәулет Қилыбай.
Ол "Өзенмұнайгазға" келгендегі өз мақсаты барын айтты.
"Ұнаймын ба, ұнамаймын ба, кет десеңіздер де кетпеймін. Осы жерге келгендегі өз мақсатым бар. Жаңаөзен қаласына 3-4 зауыт салып бергіміз келеді. Алып жатқан күнделікті құрылғыларды осында салып, жастарды жұмысқа кіргізгіміз келеді. Арнайы техника алып бергіміз келеді. "Ақша жоқ" дейді. Олай емес, мемлекет барлық жағдайды жасап қойды. Жоқ-жоқ демей, амалын іздеу керек.
(...) Біз бөлінудің кесірінен зардапты қатты шегіп отырмыз. Жаңаөзен - алақандай ғана тым жақсы қала. Әлі де айтамын, заман келеді, Жаңаөзенді біреулер жақтырмайтын шығар. Бірақ Жаңаөзен бір күні елге үлгі болады. Жаңаөзеннің жігіттері елге өнеге болатын заман келеді. Бөліне береміз, бөліне береміз", - деді компания басшысы.
Жиналысқа келген тұрғындар Нұрдәулет Қилыбайды қолдап, қол шапалақтады.
Видео Алмас Алтайдың Facebook парақшасынан алынды