30 қыр, 2017 сағат 22:35

Болат Назарбаев тұрмысы төмен отбасыларға Шамалғаннан үй салып берді

Бүгін Алматы облысы Шамалған ауылында әлеуметтік әлжуаз топтар санатындағы отбасылар мен мүгедек жандар жаңадан салынған жеке тұрғын үйлердің кілттеріне ие болды. Бұл жеке тұрғын үйлерді «Туған жер» жобасына орай меценат азамат тұрмыс қажытқан отбасыларына жәрдем ретінде өз жеке қаржысына тұрғызған. Бұл туралы Алматы облысы әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Тұрғын үй кілттерін осы үйлерді өз қаражатына салған «BN INVEST» қаржылық-өндірістік компаниясы» ЖШС президенті Болат Назарбаев табыстады.

Қоныс иелеріне Шамалған аулының тұрғыны Мырзабек ақсақал бата берді. Сондай-ақ Алматы облысының әкімі Амандық Баталов құттықтады.

Тұрғын үйге қол жеткізген азаматтардың бірі, мүгедек жан Рақым Сағындықов «Мұндай игілікті істі атқарған азаматтарға айтар алғысымыз шексіз. Туған жерін түлету, мұқтаж жандарға қол ұшын беру – үлгі аларлық іс, үлкен жүректі адамның ғана қолынан келетін жомарттық», - деді өз пікірін білдіріп.

Жалпы бұл үйлер Шамалған ауылдық округінде тұратын әлеуметтік әлжуаз топтар санатындағы отбасыларға берілді.

 Шамалған ауылында орналасқан бұл 17 тұрғын үйдің құрылысына 124,5 млн. теңгеге жуық қаражат жұмсалған. Бұдан бөлек инженерлік жүйлермен қамтуға кеткен қаржының өзі 35 млн. теңгеден асады. Биылғы жылдың сәуір айында басталған құрылыс жұмыстары небары 5 айдың ішінде толығымен аяқталып, көптің игілігіне ұсынылып отыр. Орталықтандырылған газ, су жүйелеріне қосылып, электрмен қамтамасыз етілген әр үйдің аумағы 120 шаршы метрді құрайды.

Айта кетерлігі, аталмыш тұрғын үйлерге су жүйесін жүргізу барысында игі істің шарапаты өзгелерге де тиіп, құрылысқа жақын орналасқан тағы 75 үй де орталықтандырылған су жүйесіне меценат есебінен қосылған.