14 шіл, 2017 сағат 11:16

«Болашақ» басшысы «соғыс» жариялаған түлекке жауап берді

Халықаралық бағдарламалар орталығының басшысы Жанболат Мелдешов «Болашақ» бағдарламасы түлегінің Фейсбуктегі жазбасына қатысты жауап берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұған дейін «Болашақ» бағдарламасымен білім алған Майгүл Садықова әлеуметтік желіде Халықаралық бағдарламалар орталығын сотқа беруге ниетті екенін мәлімдеген еді.

«АҚШ-тағы оқудан оралғаныма 8 жылдың жүзі болса да, олар Павлодар облысы Ақсу қаласындағы анамның пәтерін кепілден шығармай отыр.  Мұның себебін осы жылдар бойы «Әлеуметтік жұмыс» дипломы бойынша жұмыс істемегеніммен түсіндіреді. Иә, мен ЖШС-де аудармашы болып еңбек еттім (менің алғашқы жұмысым), кейінірек тіл үйренетін курс ашып, сабақ бердім (Жеке кәсіпкерлік ретінде), әлі күнге дейін аударма жұмыстарымен айналысамын. Сондай-ақ, өз мамандығым бойынша ЕҰУ-да магистратурада грантта оқыдым. Тағы бір жұмысым болды - «Астана Опера» театрында келісімшарттарды аудардым. Қай жерден жұмыс табылса, соны істедім.  Қанша талпынсам да, әлеуметтік салада жұмыс таба алмауым - менің кінәм емес. Ең бастысы, өз елімде 5 жыл тер төктім», - деп жазған Майгүл Садықова.

«Бүкіл ел мекеме тарапынан жасалатын қысымды білуі тиіс. Жұмысқа орналасуға еш көмек көрсетпейді, ал 11 жыл бұрынғы келісімшарт бойынша, 5 жылдық еңбек өтілімді талап етеді. Соғысты қаласаңыздар, ол да болады», - деп түйіндеген сөзін «Болашақтың» түлегі.

Кейінірек, Халықаралық бағдарламалар орталығының басшысы бұған әлеуметтік желіде жауап жазды.

«Майгүл Садықованың арызы бойынша. Бізге соғыс керек емес. Түлектермен жұмыс бойынша департамент жұмысында кемшіліктер болды, онымен келісемін. Департамент директоры сәуір айында өз еркімен жұмыстан шықты. Майгүлді орталыққа шақырдық. Нәтижесін орталықтың сайтында жариялаймыз», - деп жазды Жанболат Мелдешов әлеуметтік желіде.

Сондай-ақ, Майгүл Садықованың мәселесі бойынша Халықаралық бағдарламалар орталығының Фейсбуктегі ресми аккаунтында толыққанды жауап берілді. Онда ХБО басшылығы аталған түйіткілді және түлектермен жұмыс департаментінің кемшіліктерін мойындады.  

«...2015 жылдың 6 мамырында стипендиат Халықаралық бағдарламалар орталығына пәтерді кепілден шығару туралы өтініш жазды. Тек 5 жыл өткен соң ғана, түлектермен жұмыс департаментінің қызметкерлерінде мамандық бойынша еңбек етпеуге қатысты сұрақтар туындаған. Осыған байланысты, аталған мәселенің түлектермен жұмыс департаментінің қателігі екенін мойындаймыз», - делінген ресми аккаунт жазбасында.

Айта кетейік, аталған мәселелермен айналысқан түлектермен жұмыс департаментінің бұрынғы басшысы 2017 жылдың 7 сәуірінде өз еркімен жұмыстан кеткен.

«Қазіргі уақытта ХБО түлектермен жұмыс департаментінің қызметкерлері Майгүлмен хабарласты және мәселенің мән-жайын анықтап, көмек көрсету үшін оны орталыққа шақырды», - деп түсіндірді ХБО.

Одан бөлек, жазбада «ҚР Білім және ғылым министрлігінің ХБО ұжымының атынан жазылған арыз бойынша кешенді қызметтік тексерудің аяқталғаны» хабарланған. ХБО ұжымы басшылықты жұмысқа туыстарын қабылдады және «жерлестікке» жол берді деп айыптаған еді. Тексеру нәтижесі бойынша, аталған фактілер расталмады. Бүгінде орталықта штаттық санатта 120 адам жұмыс істейді. Оның 7 пайызы ғана немесе 8 адам - Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы. Оның үстіне, аталған қызметкерлер Ж.Мелдешов ХБО басшылығына тағайындалмай тұрып жұмысқа қабылданған.