Фото: tv7.kz
Экономист Меруерт Махмұтова ҚҚС-ты көтеру мәселесімен бас қатырып жүргенде, «Болашақ» бағдарламасына енгізілген өзгерістер назардан тыс қалғанын айтады. Атап айтқанда, өзгерістерге сәйкес, мемлекеттік қызметшілер шетелде тілдік курстардан өту құқығына ие болды, деп хабарлайды Ult.kz.
"Бір жылдық бағдарлама магистратураның бір жылдық шығынына тең, оған ай сайын $2000 көлеміндегі стипендия, жол шығындары, әуе билеттері және басқа да артықшылықтар кіреді", - дейді ол.
Экономист осыған орай, «Болашақ» бағдарламасын жетілдіру және бюджет қаражатын үнемдеуге арналған ұсыныстар берді:
- Мемлекеттік қызметшілерді тілдік курстарға Қазақстандағы шетелдік университеттердің филиалдарына немесе қажетті жағдайлары бар отандық жоғары оқу орындарына жіберу.
- Мемлекеттік қызметшілерді (квотаны көбейту арқылы) Назарбаев Университетінде және ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында мемлекеттік басқару және саясат магистратурасы бағдарламалары бойынша оқытуға жіберу. Бұл мекемелердің халықаралық аккредитациясы және «мемлекеттік басқару» саласында шетелдік серіктестері бар.
- Шетелдік университеттер мен ғылыми-зерттеу орталықтарында тағылымдамадан өту бағдарламасынан «мемлекеттік қызметші» санатын алып тастау.
- Магистратура бағдарламалары бойынша «Болашақ» стипендиясын алу байқауынан «мемлекеттік қызметші» санатын алып тастау, барлық үміткерлерге кәсіби тиістілігі мен қызметтік мәртебесіне қарамастан тең жағдай жасау.
- Үнемделген бюджеттік қаражатты өңірлік университеттердің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға (жатақханаларды, ғылыми зертханаларды, компьютерлік сыныптарды жаңғырту) бағыттау.
Махмұтова тілді кем дегенде Duolingo қосымшасы арқылы да үйренуге болатынын атап өтті.