17 там, 2024 сағат 15:05

Бокстан Қазақстан құрамасының жаңа бас бапкері тағайындалды


Фото:olympic.kz

Бокстан Қазақстан құрамасының жаңа бас бапкері тағайындалды. Боксшылар командасын Қайрат Сәтжанов жаттықтыратын болды, деп  хабарлайды федерацияның баспасөз қызметіне сілтеме жасаған  Olympic.kz. 

Қайрат  Сәтжанов бокстан Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушы. Оның бапкерлік өтілі 34 жылды құрайды. 2021-2022 жылдары бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының  бас бапкері болып қызмет еткен. 2024 жылдан бастап жастар құрамасының аға жаттықтырушысы. 

2021  жылы өткен  бокстан  әлем чемпионатында (Сербия) Қазақстан ерлер құрамасы 2 алтын,  2 күміс және 1 қола медальмен жалпы командалық есепте екінші орын алды.

2022 жылы Иорданияда өткен Азия біріншілігінде де  екінші орын иеленді (3 алтын, 6 күміс және 3 қола). 
2024 жылы Астанада өткен жастар арасындағы Азия біріншілігінде Сәтжановтың жетекшілігімен Қазақстан құрамасы командалық есепте бірінші орын алды (5 алтын, 1 күміс және 3 қола).

Жеке бапкер ретінде Сәтжанов бокстан 7 әлем, 43 Азия чемпионын тәрбиелген. 

Қазіргі таңда жаңа бапкерлік құрам жасақталуда. Атап айтар болсақ, шетелдік кеңесші жаттықтырушылар, физикалық дайындық жөніндегі жаттықтырушы және  ғылыми топ мүшелері бар.

Сондай-ақ, командада  бас бапкердің жеке шәкірті болмауы қажеттігі жайлы талап қойылды.