16 шіл, 2021 сағат 23:31

Бокстан бас бапкері: Басты мақсатымыз Олимпиадада кемі 3-4 медаль алу


Бүгін Токио Олимпиадасына спортшыларымыздың алғашқы легі аттанды. Атап айтсақ, бокс, дзюдо, каратэ, үстел теннисі, жеңіл атлетика және ату спорттарының өкілдері мен отандық спорт саласының мамандары бастаған алғашқы лек аттанып барады. Осы орайда тілшіміз бокстан Ұлттық құраманың бас бапкері Ғалымбек Кенжебаевқа телефон арқылы хабарласып, қандай дайындықпен, қанша медаль алуды жоспарланғаны туралы сұрап білді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

- Ғалымбек Қалиұлы, бүгін Токио Олимпиадасына аттанып бара жатсыздар, дайындықтарыңыз қалай?

- Өте жақсы дайындықпен аттанып бара жатырмыз. Дәл қазір әуежайда рейстің ұшқанын күтіп отырмыз. Боксшылардың да көңілкүйі жақсы. Басты мақсатымыз - бұрынғы дәстүр бойынша кемі 3-4 медаль алу.

- Нақтылы айта кетсеңіз, «дәстүр бойынша» деп атап кеттіңіз. «Қазақ салмағы» атанып кеткен 69 келі салмақтан биыл да алтын күтеміз бе?

- Тек бір салмақтан ғана емес, барлық салмақтан жүлде алуға тырысамыз. Токиоға бара жатқан барлық боксшылар жеңіс тұғырына шығуға күш салатын болады. Тек жеребе жолдас, сәттілік серік болса болғаны.

- Десе де, 69 келі салмақта ел намысын қорғайтын Абылайхан Жүсіповке дәстүрді жалғау міндеті артылған болар?

- Әрине, Абылайхан «алтын дәстүрді» ары қарай жалғайды деп үміттенеміз. Барлық боксшыларға артылған міндет бірдей. Ол - жеңіс тұғырынан көріну. Алматыда соңғы жаттығуымызды сәтті аяқтадық. Техникалық, физикалық жақтан толықтай дайындықтан өттік. Токиоға да бір апта уақыт бұрын кетіп бара жатырмыз. Енді, сол жақта шеберлігімізді шыңдап, жергілікті климатқа үйренісеміз.

- Токиода бірінші болып рингке кімдер шығады?

- Оны жеребе белгілейді. 22 шілде күні жеребе тарту рәсімі өтеді. Нақтылы сол күні кім бірінші Олимпиаданы бастайтынын еститін боласыздар. Жалпы Олимпиадада ең ұзақ уақыт сынға түсетін боксшылар болады. Біздің боксшылар жарысты 24 шілде бастап, 8 тамыз күні, яғни Олимпиаданың аяқталатын соңғы күні ең ауыр салмақтағы боксшылар сынға түседі. Біз барлық салмақтан толық құрамда кетіп бара жатымзы. Бұйырса соңғы күнге дейін шаршы алаңға шығамыз деген үміттеміз. 

- Әңгімеңізге рахмет!