09 қар, 2022 сағат 20:29

Бокстан Азия чемпионатында Қазақстан қоржынына тағы бір «қола» түсті


Ләззат Күнгейбаева Иордания астанасы Амман қаласында өтіп жатқан бокстан Азия чемпионатында финалға шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әлем чемпионы, ел құрамасындағы аса тәжірибелі боксшылардың бірі Ләззат Күнгейбаева жарысты бірден жартылай финалдан бастады.

Ләззат аса ауыр салмақта үндістандық Альфия Тараннум Акраммен қолғап түйістірді.

Алғашқы екі раундта үндістандық боксшының белсенділігі байқалды. Үшінші кезеңде Ләззат қанша тырысқанымен, ештеңе өзгерте алмады. Жеңіс үндістандық спортшының еншісінде кетті – 0:5.

Осымен күндізгі сессия аяқталды. Күндізгі сессияда Қазақстан намысын қорғаған төрт боксшының үшеуі қола жүлдемен шектелді. Жалғыз Жайна Шекербекова ғана финалға шықты. Ендігі үміт кешкі сессияда шығатын боксшыларда.