Бокстан Азия чемпионатында бүгін қазақстандық спортшылар арасында кімдердің алғашқы жекпе-жектерін өткізетіні белгілі болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қазақстандық боксшылар арасында бүгін төрт былғары қолғап шебері ринг төріне шығады.
Алдымен 56 келіде Махмуд Сабырхан ел намысын қорғайды. қарсыласы - үндістандық Мохаммед Хуссам Уддин. Одан кейін Серік Теміржанов (60 келі) ирандық Даниял Шахбахш, Закир Сафиуллин (64 келі) де сол елдің өкілі Ашкан Резаимен қолғап түйістіреді.
Ал 75 келіде Әбілхан Аманқұл кувейттік Саид Абасс Аль-Бахранимен шеберлік байқасады.
Азия чемпионаты 24-31 мамыр аралығында Біріккен Араб әмірлігінің Дубай қаласында өтеді. Боксшылар 24-26 мамыр күндері жарыстың кезекті сатыларында сынға түседі. Ал 27 мамырда 1/8 финал болса, 28 мамырда олар ширек финалда кездеседі. Былғары қолғап шеберлері 30 мамырда жартылай, 31 мамырда финалда шаршы алаңға шығады.