11 мам, 2022 сағат 20:25

Бокстан әлем чемпионатында тағы екі қазақстандық жарысты жалғастырады


Бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионатында бүгін қазақстандық екі боксшы алғашқы жекпе-жегінде жеңіске жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Түркияның Ыстанбұл қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында ел құрамасынан Жайна Шекербекова (52 келі) Пуэрто-Рико елінен келген Мелоди Варгасты айқын басымдықпен жеңді. 

Сондай-ақ, тағы бір қазақстандық Карина Ибрагимова (57 келі) румыниялық Клаудия Нечитаны тізе бүктірді.

Бүгін тағы екі боксшымыз шаршы алаңға шығады. Алдымен күндізгі сессияда Аида Әбікеева (63 келі) алжирлік Имане Хелифпен қолғап түйістіреді.

Ал кешкі сессияда Надежда Рябец (75 келі) түркиялық Бушра Ишилдармен кездесу өткізеді.

Еске салсақ, бұдан бұрын ел құрамасынан Валентина Хальзова (70 келі) кениялық Лорна Куса Симбиден, Алуа Балқыбекова (48 келі) канадалық Приянка Диллоннан басым түсті. 

Сондай-ақ, дүбірлі додада еліміздің атынан Назым Қызайбай (50 келі), Жайна Шекербекова (52 келі), Дина Жоламан (54 келі), Карина Ибрагимова (57 келі), Римма Волосенко (60 келі), Аида Әбікеева (63 келі), Дариға Шәкімова (66 келі), Надежда Рябец (75 келі), Гүлсая Ержан (81 келі) және Ләззат Күнгейбаева (81 келіден жоғары) сынға түседі.

Әлем чемпионаты 20 мамырда мәресіне жетеді.