01 қар, 2021 сағат 00:41

Бокстан әлем чемпионаты: Төлтаев жарысты жалғастырады


Сербия астанасы Белград қаласында өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатында қазақстандық Саматәли Төлтаев екінші жекпе-жегін сәтті өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл жолы Саматәли (60 келі) колумбиялық Дуван Сулета Мореномен шеберлік байқасты. 

Бірінші раундта қарсыластар тең деңгейде жұдырықтасты. Нәтижесінде 3 төреші Cаматәлиге қолдау білдірсе, екеуі колумбиялық спортшының жеңгенін көрсетті. 

Екінші раундта да жекпе-жек тартысты өрбіді. Қазақстандық боксшының көбірек соққы жұмсағаны байқалып тұрды. Сол арқылы төрешілер шешімімен Саматәли қарсыласын 4:1 есебімен жеңді. 

Үшінші раундта да қазақстандық боксшы сенімді ойын көрсетті. Қорытынды нәтижеде Саматәли жеңіске жетіп, жарыстың келесі сатысына шықты. Енді ол франциялық Софьян Умиамен шеберлік байқасады. 

Еске салсақ, алғашқы жекпе-жегінде Саматәли Төлтаев таиландтық Хунатип Пиднучты қапы қалдырған еді. 

Сондай-ақ, бүгін Махмуд Сабырхан (54 келі) шотландиялық Мэттью Макхейлдің осал тұсын тапты.