Сербияның Белград қаласында өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатының кезекті жарыс күні аяқталуға жақын. Бүгін шаршы алаңға шыққан қазақстандық боксшылардың барлығы да жеңіске жетті.
Қазақстан сапынан соңғы боп жұдырықтасқан Асланбек Шымбергенов (71 келі) өзбекстандық Шахрам Гиясовпен кездесті.
Екі боксшы арасындағы тартысты жекпе-жекте Шымбергеновтің басымдығы көзге айқын көрініп тұрды. Ол қарсыласқа соққыларын жиі дарытты.
Бірінші раунд қазақстандық боксшының басымдығымен аяқталды. Екінші раундта төрт төреші Асланбекке сенім білдірсе, біреуі өзбек боксшысына қолдау көрсетті. Үшінші раундта да отандасымыз өзінің мықтылығын танытты.
Енді Асланбек 1/8 финалда германиялық Магомед Шачидовпен қолғап түйістіреді.
Айта кетейік, Шахрам Гиясов - тәжірибелі боксшылардың бірі. 2016 жылы Рио олимпиадасында «күміс» алса, 2017 жылы Әлем және Азия чемпионатында алтыннан алқа тақты.