Отандасымыз Махмұд Сабырхан бокстан әлем чемпионатының финалына шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Белградта өтіп жатқан әлемдік доданың 1/2 финалының жекпе-жектері жалғасуда. 54 келі салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан қазақстандық боксшы жартылай финалда қарсыласынан басым түсті.
Ол үндістандық Акаш Кумарды айқын жеңіп, әлем чемпионатының финалына жолдама алды.
Бірінші раундта қазақстандық былғары қолғап шебері қарсыласынан әлдеқайда мықты екенін көрсетті. Екінші раундта Махмұд қарсыласынан 4:1 есебімен басым түсті. Үшінші раундта да сол қарқынынан танған жоқ. Осылайша ол финалға шығып отыр.
Айта кетейік, бұған дейін 48 келіде жұдырықтасқан Теміртас Жүсіпов те финалға шыққан болатын.
Белград шаршы алаңында финалдық жолдаманы сарапқа салу үшін Қазақстан сапынан тағы үш спортшы шығады. Олар: Абылайхан Жүсіпов, Серік Теміржанов және Сәкен Бибосынов.