Қазақстандық Жайна Шекербекова Иордания астанасы Амман қаласында өтіп жатқан бокстан Азия чемпионатында жеңімпаз атанды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Әйелдер арасында қазақстандықтардан финалға бірінші болып 48 келіге дейінгі салмақта Алуа Балқыбекова шығуы керек еді. Алайда қарсыласы жарақат алып қалғандықтан, жеңіс Алуаға берілді. Сөйтіп, әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Балқыбекова ресми түрде екі мәрте Азия чемпионы атанды.
Ал Ұлттық құрамадағы тәжірибелі боксшылардың бірі, Азия чемпионы, Азия ойындарының күміс жүлдегері Жайна Шекербекова 54 келіге дейінгі салмақта тайландтық Джутамас Джитпонгпен алтын жүлдені сарапқа салды.
Бәсеке өте қызу өтті. Боксшылар алтын үшін аянып қалған жоқ. Нәтижесінде төрешілер жеңісті бір ауыздан Жайнаға берді – 5:0.
Осылайша, Жайна Шекербекова Қазақстан қоржынына екінші алтынды салды.