Қазақстандық боксшы Теміртас Жүсіпов Белградта өтіп жатқан әлем чемпионатының финалына жолдама алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бүгін Сербия астанасында бокстан әлем чемпионатының жартылай финалдық жекпе-жектері басталды.
48 келі салмақ дәрежесінде отандасымыз Теміртас Жүсіпов Беларусь спортшысы Евгений Кармильчикпен кездесті.
Бірінші раундта бес төрешінің үшеуі қазақстандыққа қолдау білдірсе, екеуі Беларусь боксшысына сенім артты. Ал, екінші раунд Теміртастың басымдығымен аяқталды.
Осылайша, тартысты жекпе-жек 5:0 есебімен қазақ боксшысының пайдасына шешілді.
Теміртас биылғы әлем чемпионатының финалына шыққан алғашқы қазақстандық спортшы атанып отыр.
Айта кетерлігі, әлем чемпионатының жартылай финалында Қазақстан сапынан тағы төрт спортшы қолғап түйістіреді. Олар: Сабырхан Махмұд, Сәкен Бибосынов, Серік Теміржанов және Абылайхан Жүсіпов.