Отандасымыз Карина Ибрагимова Иордания астанасы Амман қаласында өтіп жатқан бокстан Азия чемпионатында жеңімпаз атанды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Әлем чемпионатының қола жүлдегері Карина 57 келіге дейінгі салмақта Токио Олимпиадасының жеңімпазы, жапониялық Ирие Сенамен жұдырықтасты.
Ол жартылай финалда әлем чемпионы, филиппиндік Нести Петесионы жарыс жолынан шығарып тастаған еді. Ал осы Петесио Олимпиада финалында Сенадан ұтылған болатын.
Карина финалда қолы мен бойының ұзындығын пайдаланып, дәл соққы жасауға тырысты. Солай болды да. Екінші раундта жапониялық боксшы ескерту алып, ұпайы шегерілді. Ал, үшінші кезең соңында Карина нокдаун алды. Дегенмен, есеп – 3:1, Ибрагимова чемпион атанды.
Осылайша, Қазақстан қоржынына үшінші алтын түсті.