Қазақ боксшысы Зәкір Сафиуллин Токио Олимпиадасында ширек финалдық жекпе-жегін өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
63 килограмм салмақ дәрежесіндегі Сафиуллин аустралиялық Гари Гарсайдпен жұдырықтасты. Бірінші раундта қазақ боксшысы басым түсті. Ал екінші раундта қарсыласы таразы басын теңестіріп алды. Үшінші раундта төрешілер аустралиялық боксшыға жоғары ұпай берді. Қорытынды есеп – 2:3. Осылайша Зәкір Сафиуллин жартылай финалға шыға алмады.
Бірінші іріктеу кезеңінде отандасымыз перулік Леодан Пезоны 5:0 есебімен жеңсе, одан кейін жапониялық Дайсуке Наримацу денсаулық жағдайына байланысты шаршы алаңға шығудан бас тартты.
Айта кетейік, кеше Қамшыбек Қоңқабаев (91 килограмнан жоғары) ресейлік боксшыны жеңіп, жартылай финалға өткен болатын. Бүгін Сәкен Бибосынов (52 килограмм) та жартылай финалға шықты.