Қазақстандық Асланбек Шымбергенов Иордания астанасы Амман қаласында өтіп жатқан бокстан Азия чемпионатында алтын алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Құрлықтық додада 71 келіде сынға түскен Асланбек финалда иорданиялық Зеяд Ишайшты жеңді. Үш раунд қорытындысы бойынша төрешілер жеңісті қазақ боксшысына берді.
Айта кетейік, Шымбергенов шаршы алаң қожайынын бірінші раундта нокдаунға түсірді. Ал үшінші раундта төреші "қарсыласты ұстадың" деп біздің боксшыдан бір ұпай шегерді.
Бұдан бұрын ел құрамасынан Санжар Тәшкенбай (48 келі) Азия чемпионы атанса, Сәкен Бибосынов (51 келі), Махмуд Сабырхан (54 келі), Серік Теміржанов (57 келі), Дулат Бекбауов (67 келі) күміс медальді қанағат тұтты.