Белградта өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатында қазақстандық Асланбек Шымбергенов екінші кезеңге жолдама алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
1/32 айналымда Асланбек ирандық боксшы Фархад Морадиге қарсы шыққан болатын. Жекпе-жек бар болғаны екі жарым минутқа созылды.
Бірінші раундтың аяқталуына 30 секунд қалғанда ирандық боксшының қабағы жарылып, дәрігерлер жекпе-жекті тоқтатты.
Жарыс ережесі бойынша, дәл осы кезде есепте алда тұрған боксшы келесі айналымға өтеді. Ал төрешілер 5:0 есебімен Шымбергеновті жеңімпаз деп таныды.
Айта кетейік, Асланбек Шымбергеновтің келесі қарсыласы - өзбекстандық Шахрам Гиясов.
Бас бапкер Қайрат Сәтжанов әлем чемпионатына 13 боксшы алып барды. Олардың арасында бұдан бұрын Сәкен Бибосынов (51 келі), Серік Теміржанов (57 келі), Абылайхан Жүсіпов (67 келі), Нұрқанат Райыс (75 келі алғашқы жекпе-жегінде жеңіске жетті.
Сондай-ақ, алдағы күндерде Теміртас Жүсіпов (48 келі), Махмуд Сабырхан (54 келі), Саматали Төлтаев (60 келі), Санатали Төлтаев (63,5 келі), Нұрбек Оралбай (80 келі), Айбек Оралбай (92 келі) мен Нұрлан Сапарбай (92 келіден жоғары) ел намысын қорғайды.
Әлем чемпионаты 6 қарашада мәресіне жетеді.