11 сәу, 2024 сағат 10:44

БҚО-да Жайық өзені бойында ұзындығы 40 шақырымнан асатын бөгеттер тұрғызылып жатыр


Фото: Батыс Қазақстан облысының әкімдігі


Батыс Қазақстан облысында су тасқынының қаупі сейілмей тұр, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» Kazinform-ға сілтеме жасап.


БҚО әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетовтің айтуынша, қазіргі таңда қауіп төніп тұрған облыс орталығы және Жайық өзені бойында орналасқан Ақжайық, Бөрлі, Бәйтерек, Теректі аудандарының 90-ға жуық елді мекенінде су тасқынынан қорғау жұмыстары жүргізіліп жатыр.


«Күні бүгін ұзындығы 43 километрдей болатын биіктігі 1-2,5 метр бөгеттер тұрғызылуда. Аталған жұмыстарға 250-ден астам техника мен 2,5 мыңға жуық адам жұмылдырылды. Жұмыстар жалғасуда», - деді Қ.Айтмұхамбетов.


«Қазгидромет» РМК БҚО филалының 11 сәуір күнгі сағат 08.00-дегі мәліметі бойынша Жайық өзенінің деңгейі Орал қаласы тұсында тәулігіне 10 сантиметрге жоғарылады. Сөйтіп 728 сантиметрге (қауіпті шегі – 850 см) жетті. Сондай-ақ Январцев гидробекетінде 787 (+15, қауіпті шегі – 1 250 см), Көшімде 688 (+13, 850 см) және Тайпақта 410 (+20, 850 см) сантиметрге жетті.


Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 700-ден астам саяжай үйлерін су басқанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Батыс Қазақстанда мамандар сібір жарасы көмінділерін тексерді.